Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтау қаласын жаңғырту тұжырымдамасының таныстырылымында айтты. Естеріңізге сала кетейік, Ақтау қаласының әкімі Ғ.Ниязов жергілікті кәсіпкерлер мен мемлекеттік басқарма басшыларының алдында қаланы безендіру мен көркейту бойынша жобасын ұсынған еді.

«Маңғыстауда бірқатар ескерткіш салу жоспарлануда. Жаңа бірсыпырасының эскизін көрдіңіздер. Абай атамыздың ескерткіші Лондонда бар, бірақ киелі Маңғыстауда жоқ. Ескерткішті салуға ниет білдірген азаматтар бар, тек орынын белгілеу қалды», — деген болатын Е. Тоғжанов.

Маңғыстау облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Найзабек Жайлаудың  айтуынша, ақын Абайдың ескертікішін жеке кәсіпкер «Мағаш» ЖШС басшысы Айтжан Сауғабаев қаржыландырады. Облыстың бас сәулетшісінің айтуынша, жиыннан соң ескерткіштің орыны да белгіленген. Ол бұрын Абай мәдениет кешенінің алдында тұрған сағаттың орнына қойылады деп шешілді.

Маңғыстауда салынатын ескерткіштердің соңы — бұл емес. Естеріңізге сала кетейік, келесі жылы Әбіш Кекілбайұлының туғанына — 80 жыл. Халық жазушысының мерейтойы қарсаңында Ақтау қаласының 19 шағынауданынан Әбіш Кекілбайұлы атындағы рухани орталықты салу жұмыстары қолға алынды. Өткен аптада Астанадағы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Онды ауылына заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының есімі берілетінін айтқан болатын.

Ақтау қаласын жаңғыртудың тұжырымдамасы таныстырылған жиында Е. Тоғжанов Әбіш Кекілбайұлының ескерткіші салынатынын айтып өтті.

«Кеше ғана өлкемізде Әбіш оқулары басталып кетті. Ағаның ескерткіші де дайын деп айтуға толық негіз бар», — деді Ералы Тоғжанов.

Биыл — «қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдыз», «үздік актер» деген бағаға ие болған қазақ театр сахнасы мен кино әлемінде айрықша із қалдырған актер, режиссер Нұрмұхан Жантөриннің туғанына — 90 жыл. Маңғыстау облысының әкімі Е.Лұқпанұлы мерейтой қарсаңында классик актер, әлемдік деңгейдегі режиссерлік жұмыстарымен танымал болған Н. Жантөринге ескерткіш орнатылатынын да жеткізді.

«Қазір актердің атындағы театрдың алдында шағын ғана мүсіні тұр. Бәлкім, оны театрдың ішіне қойған жөн шығар», — деді Е. Тоғжанов.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарайдан сақ ханшайымы Томирис (Тұмар) жайында тарихи мағлұматтар алғанын айтып өтті.

«Томирис — тарихта орыны бар тұлға. Бұрын Арал теңізі Каспийге келіп құйған деген аңыздар бар. Кир біздің даламызға Үстірттен келіп кірген екен. Әнес Сарай ағамыз Томирис пен Кирдің шайқасы Үстірттің арғы жағында болған деген деректер берді. Қазір Томирис туралы фильм түсірілгелі жатыр. Сол фильм түсірілгенше Томиристің ескерткіші салынуы тиіс», — деді Е. Тоғжанов.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН, 
Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз