Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты сұйытылған газ бағасының көтерілуіне арналды.

– Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің 2017 жылғы 5 желтоқсандағы №423 «Сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, сұйытылған мұнай газына 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 наурызға дейін қосылған құн салығын есептемегенде бір тонна үшін 38 701,67 теңгеге, яғни 10 % өсті. Бүгінгі таңда облыстың қалалары мен аудандарында газ құю бекеттерінде сұйытылған газдың бағасы бір литрі 55 теңгеден (Бейнеу ауданында 60-65 теңге), «ҚазМұнайГазӨнімдері» ЖШС-ның жанармай құю бекеттерінде 52 теңгеден сатылып жатыр, – деді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқарма басшысының міндетін атқарушы Тимур Сәдуақасов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстың қалалары мен аудандарында газ құю бекеттерінде сұйытылған газдың бағасы бір литрі 55 теңгеден (Бейнеу ауданында 60-65 теңге), «ҚазМұнайГазӨнімдері» ЖШС-ның жанармай құю бекеттерінде 52 теңгеден сатылып жатыр.

Газ өңдеу зауыттары жұмыс істейтін Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында сұйылтылған мұнай газының бағасы еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда төмендеу. Мәселен, көлік отынының бағасы Астанада – 65-70 теңге, Алматы облысында – 67-77 теңге, Оңтүстік Қазақстан облысында  – 65-67 теңге, Батыс Қазақстанда 70-75 теңгені құрайды.

Еліміздің ішкі нарығына арналған сұйытылған газды жеткізу жоспарына сәйкес ҚР Министрлігі осы жылдың қаңтар айына Маңғыстау облысына 13 540 тонна және «CНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ арқылы 1000 тонна  көлік отынын бөлді.

Маңғыстау облысының ішкі істер департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, сұйытылған газбен жүретін автокөліктердің саны өскен. Өткен жылдың басында өңірімізде бұл көрсеткіш 80 578 көлік болса, биыл 88 513-ке артқан. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы ақпарат бойынша аймақта 141 924 тіркелген автокөлік бар. Қазіргі таңда облыс аумағында 211 газ құю бекеті жұмыс істеп тұр.

Маңғыстау облысының ӨКҚ

ақпараты бойынша дайындалды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз