Қазіргі таңда ҚР Үкіметі адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және болдырмау мәселесін басты назарда ұстап отыр.

Біздің облысымыз қазіргі уақытта жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларынан таза аймақ болып есептеледі. Республика бойынша айтар болсақ, өткен 2016 жылы еліміздің бірнеше аймақтарында (Қарағанды, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында) ауыл шаруашылығы жануар­лары арасында аса қауіпті Сібір жарасы ауруы шығып, адам шығыны болды және Атырау облысында нодулярлық дерматит ауруы тіркелді. Сондай-ақ көршілес Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында қазіргі таңда бруцеллез ауруына қолайсыз аумақтар бар.

Облысымызда ҚР АШМ №7-1/559 (30.10.2014 ж.) бұйрығымен бе­кітіл­ген профилактикасы, диагнос­ти­касы мен жойылуы бюджет қа­ра­жат есебінен жүзеге асырылатын жануар­лардың аса қауіпті ауру­ла­рының тізбесіне сәйкес, ауыл ша­руашылығы жануарлары жыл сайын құтыру, пастереллез, сібір жарасы, күл, түйе обасы, құс тұмауына қарсы егу, эхинококкоз ауруына қарсы иттер мен мысықтарды дегельминтизация­лау және жылқы маңқасына, сиыр мен түйе туберкулезіне міндетті тексеру іс-шаралары қазіргі таңда жыл сайынғы жоспарға сәйкес іске асырылу үстінде.

Ветеринариялық іс-шараларды жүр­гізу және ветеринариялық қауіп­сіздікті сақтауда мал иелеріне ҚР заңнамалары бойынша, көптеген міндеттер жүктелген. Осы жерде айта кететін бір жайт, ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау тек қана ве­теринариялық ұйымдардың ғана міндеті емес, бұған жеке және заңды тұлғалар да міндетті болып табылады. ҚР «Ветеринария туралы» заңының 25-бабының талабына сәйкес жануарлардың аурулары, онымен қоса жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардың алдын алуда жеке және заңды тұлғалар: ветеринариялық-санитариялық қа­уiп­сiздiктi қамта­масыз ету үшiн өз малдарына уақытылы вакцинация (егу) және диагностикасын қамтамасыз етуге, малдарын толықтай бірдейлендіріп отыруға, жаңадан туған төл, сатып алған (әкелген) мал туралы хабарлауға, ветеринария саласы мамандары ветеринариялық iс-шараларды атқарған кезде көмек көрсетуге міндеттілігі туралы нақты атап көрсетілген.

Қазіргі уақытта облыс жайылым­дарында (далалық аумақтарда) кеміргіштер (тышқандар) көбейіп отыр. Бұл жағдай да ветеринарлық қауіпсіз­дік­ке әсер етеді. Кеміргіштердің кө­бею себебі – былтырғы, 2016 жылы жерге шөптің қалың шығуы­нан, яғни қуаң­шылық жылдары кеміргіштер азайып, шөп және оның түрлері көп шыққан жылдары көбейіп отырады. Бұл мәсе­ле­мен не­гізі Маңғыстау облыстық обаға қар­сы күрес стан­сасы (МООҚКС) айналысады. Біз өт­кен тамыз айында бұл мәселе ту­ралы МООҚКС және сани­тарлық-эпи­демио­логиялық қада­ғалау мекемесі маман­дарымен біріккен жиын өткіздік. Бұл мәселені ветери­нариялық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарайтын болсақ, ауылдық (далалық) аумақтарда кеміргіштер көбейген жылдары, әртүрлі мал аурулары да пайда болуы және көбеюі мүмкін, әсіресе біздің аймақта адам мен жануарларға ортақ оба ауруының қаупі басым болады. Жалпы біздің Маңғыстау адам мен түйеге ортақ оба ауруының ошақтары саны жөнінен республика бойынша ал­дыңғы орында. Сондықтан облыста жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының туындау қаупі жоқ деп айтуға болмайды. Мысалы, оба, сібір жарасы ауруларының қоздырғыштары топырақ астында 150–200 жылдап жата береді және осындай мерзімдерде вируленттігін (ауру қоздыру қабілетін) сақтайды. Жалпы осындай аурулар кенеттен қалай пайда болады? Оған негізінен мынадай 4 фактор әсер етеді: біріншіден, су тасқыны; екіншіден, қазу жұмыстары кезінде; үшіншіден, алдында айтқандай, кеміргіштермен жер бетіне шығады; төртіншіден, жеке және заңды тұлғалардың вете­ринариялық қауіпсіздік талаптарын сақтамауы.

Жергілікті жерлерде ветеринария саласында өзекті мәселелердің бар екенін де жасыруға болмайды, яғни тө­­мен­дегідей факторлар ве­те­ри­на­рия­­лық қызмет пен бақылау-қада­ғалау­ды елеулі түрде қиындатып отыр: біріншіден, облыс ішінен және сырт­тан ауыл шаруашылығы жануарла­рын тасымалдау, әкелу және сату туралы жеке және заңды тұлғалардың жергілікті ветеринария мамандарына (ұйымдарына) хабарламауы немесе уақытында хабарламауы; екіншіден, төрт түлік мал иелерінің жауапкершілігінің әлі де өз деңгейін­де болмауы, олардың ветерина­рия­­лық заңна­ма­лар­ды қа­таң сақтау­ға жүр­­дім-бар­дым қа­рауы; үшін­ші­ден, қол­да­ғы бар ақпа­раттық жү­йе­лердің (бір­дейлендіру дерекқоры, ветеринариялық құжат­тар беру, тіркеу веб-порталдары, т.б.) әлі де осал, жетілдірілме­ген тұстары бар екендігі; төртінші­ден, аудан жә­не ауыл (ауылдық округ) әкімдері тарапынан өз аумақта­рында ветерина­риялық қа­уіпсіздік мә­се­лесіне кө­ңіл бөлудің төмендігі; бесіншіден, білікті (са­уатты) мамандардың жет­кіліксіздігі. Осы орайда, ең басты және өзекті мәселе ретінде айтарымыз, ҚР «Ветеринария туралы» заңының 9-бабының 2-тармағы талабына сәй­кес аудандарда ветеринария бө­лім­дері өз алдына бөлек (дербес) болу тиіс. Ал қазіргі таңда аудан әкімдіктері ветеринария саласын ауыл шаруашылығы саласымен бі­ріктіріп қойған. Ветеринарияның өзінің жұмысы бастан асып жатыр, яғни оған тиісті заңнамалар бойынша 29 функцияны тұрақты атқарып отыру міндеттелген және бұл міндеттер саны жыл сайын көбею үстінде. Ал қазір аудан әкімдіктерінің ветеринария мамандары негізінен ауыл шаруашылығы саласының жұ­мы­сын (субсидиялау, егін, ауыл­дағы кәсіпкерлік жұмыстары, т.б.,) ат­қарып отыр да, осының әсерінен ветеринария саласының қыруар жұмыстары шетке ысырылып, өз дәрежесінде жүрмей отыр. Екі саланы біріктіріп қойғаннан кейін, заң талабы да бұзылып отыр, яғни қазіргі таңда аудандарда сол аумақтың ветеринария саласының жауапкершілігін арқалайтын, заңда көзделгендей «Бас мемлекеттік ветеринарлық дәрігер» деген атауы бар лауазым иесі жоқ. Сондықтан аудан әкімдерінен ветеринария мәселелеріне жеткілікті назар аударуын сұраймыз.

Тағы оқыңыздар: Маңғыстау облысының әкімі Кореяның елшісін қабылдады

Жалпы жұқпалы аурулардың пайда болу себебі белгілі бір аумақта (облыста, ауданда, шаруа­шылықтарда) мал санының аз-көптігіне байланысты емес, ауру ветеринариялық қауіпсіздік сақ­талмаған жерде (аумақта) шығады. Осы орайда, «Ауру айтып келмейді», «Ауруын жасырған өледі» деген қазақтың нақыл сөзі бар. Сондықтан ветеринариялық қауіпсіздікті сақтағанымыз өзімізді сақтағанымыз екенін әрқашанда есте ұстағанымыз жөн.

Исағали КӨШКІНБАЕВ,

Маңғыстау облысының ветеринария

басқармасы басшысының орынбасары

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз