Маңғыстау баспасөзінің тарихы 90 жылға жуықтап қалды. Оның тең жартысы сөз жоқ, бүгін жарық көргеніне 45 жыл толып отырған «Маңғыстау» газетінің үлесінде, соншама жылдардан бері тасқа басылған ақпараттың арбасын сүйреп келеді. Газет кешегі тоқырау жылдарының тозағынан аман-сау шықты, талайына 90-жылдардың таршылығы мен Маңғыстау облысының бір жабылып, бір ашылған алмағайып заман да бұйырды. Бірақ қанша отты өткелектен өтсе де «Маңғыстау» газеті өзінің мақсат-мұратынан айнымай, ұжымын ұйытып, жылағанды жұбатып, асқанды тәубесіне келтіріп, Ахаңша айтсақ, «елдің ар ожданы» бола білді. Бүгін де сол қалпында, сол қуатында, әдіптеп айтсақ, әлі де алар асуым алдымда деп отыр. Әлдебіреулер айтып жүргендей емес, құрамы жас журналистермен толыққан, озық техникамен жарақтанған, ақпараттың қаймағын қалқып отыр. 

Жалпы қай заманда да газет шығару оңай болмаған. Мехнаты мен бейнеті бел­ден, қаржылық қайтарымы сылбыр болғандықтан болар. Қазір де журналисти­каның осы бір саласына ауаны ауып, ішқұса болып жатқандар шамалы. Осы жөн біледі-­ау дейтіндердің өздері де электронды ақпарат құралдарына қарай ері ауып кете береді. Мен мұны газет шығарудың атан түйе көтере алмас зор жауапкершілігінен көрем. Не десек те басылымның елге берері, халыққа қажеті көп. Кеше солай болған, ертең де солай болары хақ.

Тағы бір айта өтер жайт – «Маңғыстау» газеті Қазақстан мұнай саласының жылнамасы іспетті. Осы тақырыпта қаншама мақалалар жазылды, мұнайшылардың ерен еңбегі мен мәселелері қаузалды. Қара алтын өндіруде сан ұлт өкілдері мігірсіз еңбек етсе, олардың береке­бірлігі туралы соншама жүрекке жылы тиетіні айтылды. Бұл – енді өз алдына бөлек тақырып.

Ал бүгінгі «Маңғыстау» – Елбасының сарабдал саясаты мен облыс басшысының тап­сырмасы мен міндеттерін, оның орындалысын халыққа жеткізіп отыратын бірден-­бір ақ­парат көзіне айналып отыр. Газет заманауи дизайнмен безендірілген, ұжым қызметкер­лері журналистиканың барлық «салт­-дәстүрлерін» сақтап, оны одан әрі байытып, ұрпақтар сабақтастығына адал болып келе жатыр.

Мереке құтты, қаламдарың қарымды болсын, «Маңғыстаудың» марқасқалары!

Сағындық  РЗАХМЕТОВ,
«Маңғыстау­Медиа» ЖШС директоры


Құрметті «Маңғыстау» газетіндегі әріптестер!

Облыстық қоғамдық-саяси «Огни Мангистау» газетінің шығармашылық ұжымы баршаңызды облыс айнасы – «Маңғыстау» газетіннің 45 жылдық мерейтойымен  шын  жүректен құттықтайды.

Газеттің алғашқы нөмірі 1973 жылы 13 сәуірде, яғни 45 жыл бұрын жарық көріп, ақпарат айдынына жол тартты. Алға­шында Шевченко, кейін Ақтау қаласының ты­ныс­тіршілігі, өлкенің аудандары мен ауылдары, халқы және еңбек адамдары, олардың жетістері туралы хабар таратты. «Маңғыстау» газетінің ті­гінділерінде біздің өлкеміздің тарихы, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі маңызды жаңалықтар сақталған.

Бүгінде басылымда еңбек ететін шығарма­шылығы шыңдалған журналистердің арқасында «Маңғыстау» – аймақта өзіндік бет-­бедері қа­лыптасқан танымал газет. Басылым қандай сүрлеу­ соқпақты бастан өткерсе де баспасөз айдынындағы өз орнын сақтап қалды. Газет облыс орталығында ғана емес, ауыл­-аймақтарда да танымал. Бұл – өзі ісіне деген кәсіби шеберліктің, халықты өзекті әрі сенімді ақпаратпен құлағдар болуының, жас пен кәріге, түрлі маман иелеріне қызықты әрі пайдалы жаңалықтар ұсынудың көрсеткіші.

Газет ұжымына кәсіби өрлеу, жаңа шығармашылық шабыт, туған өлке, мекен ететін қала­ның игілігі жолындағы әрбір істе сәттілік, сенімді оқырман, дендеріне саулық, отбасыларына бақ-­береке тілеймін! Бізбен бірге еңбек етіп келе жатқан «Маңғыстау» газетінің оқырманда­рының саны еселеп артсын дегім келеді. Еңбек жолында жинаған тәжірибелеріңізбен бөлісіп, биік тұғырдан көрініңіздер. Сіздердің еселі еңбектеріңіз халықтың ой­-пікірін қалыптасты­рып, елжандылыққа, отансүйгіштікке баулуға, елдің ертеңгі күнге деген сенімін арттыруға жол ашады. Жан­-жақты даму әлеуеті зор Маңғыстау облысының өсіп­өркендеуіне бірге қызмет етейік!

Құрметпен, «Огни Мангистау» газетінің бас редакторы
Наталья БУТЫРИНА және редакцияның шығармашылық ұжымы


Беделі биік басылым

Баспасөз айдынында өзіндік орны бар беделді басылым «Маңғыстау» газеті мерейлі жасқа толып отыр. Жарты ғасырға жуық жылнамасында талай соқпақты жүріп өткен бұл басылым бүгінде халық пен билік арасында дәнекер болып, еселі еңбек көрігін қыздыруда.

Маңғыстау» газе­ті – еліміздегі өрелі тарихы бар, бағыт­-бағдары айқындал­ған, қалың оқырманы қалып­ тасқан беделді басылымдардың бірі. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың талабына сай өңірдің жаңалықтарын паш етіп, хабар­лар мен ақпараттарды жариялап, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты. Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң­-мұқ­тажын жоқтап, ар­намысын қорғап, әлеуметтік мәселелерін батыл көтеріп келеді. Әртүрлі тақырыптар, қызықты сұхбат­тар, жағымды жаңалықтар, сүйінші хабарлар да газет бетінен түскен емес.

Бүгінгі мереке күні облыстық «Маңғыстау» газетінің ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін! Байсал­ды басылымның алдағы уақытта да халық арасындағы беделі биік, абыройы асқақ бола берсін!

Аббат  ӨРІСБАЕВ,
Маңғыстау  облыстық  мәслихатының депутаты

 

Қаламдарыңызға қызықты тақырыптар ілінсін!

Халықтың игілігі үшін қызмет етіп, қоғамдағы өзекті әрі соңғы жаңалықтарды халыққа дер кезінде жеткізіп келе жатқан, өзіндік бет-бедері қалыптасқан «Маңғыстау- Медиа» ЖШС-ның ақпарат айдынында алатын орны ерекше. Бұл серіктестіктегі беделі биік басылым «Маңғыстау» газеті бұл күнде өлкенің 45 жылдық шежіресін жазып, 46 жылға аяқ басып отыр.

Сот пен БАҚ әртүрлі функцияларды атқарғанымен, бір әлеуметтік ортада, демократиялық мемлекетте бір құқықтық міндетті орын­дап, қоғамдық мүддеге қызмет етіп келеді. Өткен жылы Маңғыстау облыстық соты мен «Маңғыстау-Медиа» ЖШС өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Өзара ынтымақтастық аясында өткен жылдың тамыз айынан бері «Маңғыстау» газетінен «Адам. Қоғам. Заң» деп аталатын сот билігі, заң және құқық туралы қосымшасы үздіксіз жарық көріп келеді. Нәтижесінде сот билігі мен бұқаралық ақпарат құралы қоғамда халықтың құқықтық сауаттылығын, сотқа сенімін арттыру, сот реформаларын іске асыру және ақпараттық жарияланым заңдылықтарын сақтай отырып, сот­құқық туралы ақпаратқа жылдам және ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету жолдарын қарастыруда.

Бүгінгі қоғамның болмыс-­бітімін елеп­-екшеп, оқырмандарына салиқалы да салмақты ой тастап отыратын «Маңғыстау» газеті халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Мерейлі мерекеде облыстық 2 газет пен аудандық басылымдардың басын қосқан «Маңғыстау­Медиа» ЖШС-­ға алғыс білдіре отырып, қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін кәсіп иелеріне шығармашылық табыс пен кәсіби өрлеу тілеймін. Ұшқыр қаламдарыңызға қызықты тақырыптар ілінсін!

Жақсылық АЛАНОВ,
Маңғыстау облыстық сотының төрағасы

«Маңғыстаудың» тойы – елдің тойы

Өлке халқының қоғамдық-саяси пікірін оятып, мәдени, рухани және сан салалы бағытта дүниетанымын байытуға, ой-өрісін кеңейтуге 1973 жылдың 13 сәуірінен бері үлес қосып келе жатқан «Маңғыстау» газеті елмен бірге есейіп, бірге жасасып келеді. Газеттің сарғайған беттерінде өңірдің жарты ғасырға жуық тарихы сайрап жатыр. Түбектің атауын иеленген облыстық басылым жаңалықтың жаршысы болып, өлке тарихының шежіресіне айналды.

Мемлекет пен қоғамда бұқара­лық ақпарат құралдарының орны мен рөлі ерекше. Оның ішінде «Маңғыстау» газетінің рөлі зор. Аптасына үш рет жарық көріп, қолымызға тиетін «Маңғыстау» газеті халықтың мұң­ мұқтажын жазып, әлеуметтің тұрмысынан, экономиканың жайынан, мәдениет пен әдебиеттен, білім мен денсаулық саласы­нан және спорттан хабардар етіп отыр. Тәлім­-тәрбие, отбасы құндылығы, құ­қықтық сауаттылық, қоғам тәртібі сын­ды тақырыптар да газет бетінен түскен емес. Газет мемлекеттік саясатты жүргізіп, оқырмандарына шынайы хабар таратып, жақсылықты жедел жеткізіп,  жылт  ет­кен жаңалықты паш етіп, өзекті мәселелерді ашып көрсетіп келеді. Соңғы жылда­ры басылымның көркемделуі, материалдардың беттелуі, мақалалардың көтерер мәселелері жақсара түсті. Біз үшін орны бөлек беделді басылым өзіне жүктелген мін­детті абыроймен орындап, аймақ өмірінің айнасы ретінде, оқырманға, елге қалтқысыз қызмет көрсетуде десек, артық айтпағанымыз.

Өткен уақыт ішінде газеттің қалыптасуында, ақпарат кеңістігінде өзінің лайықты орнын тауып, аймақ өмірінің айнасына айналуы жолында тер төккен азаматтар аз емес. Газеттің қиын да күрделі жолында елімізге белгілі журналистер, қабырғалы қаламгерлер қызмет етті. Газет беделінің деңгейі редакция ұжымының еңбегінен көрінеді. Басылымға соңғы жылдары жас журналистер жұмысқа тартылып, еңбекке араласты. Газетке басшылық ететін Ғалым Әріптен бастап, бас редактордың орынба­сары Мұрат Жетекбай, өзіндік қолтаңбасымен танылған Болат Үмбетов, Үміт Жәлеке, Валентина Қозыбақова және жас тілшілер, Фарида Мұңалқызы, Ханым Қуат, Жайық Нағымаш, Зухра Әбділ­Саттар қоғамдағы сан­салалы тақырыптарға қалам тербеп ке­леді.

Газетке әр жылдары әртүрлі тақырыпта қалам тербеп, қоғамдық пікір қалыптас тырып, ой-­ұсынысымды жеткізіп, байланыс орнаттым. Мен сияқты басылымның қаншама оқырманы, қаншама штаттан тыс тілшілері бар?! Газеттің 45 жылдық ме­рейтойы – тек басылымның ғана қуанышы емес, күллі облысқа ортақ мереке.

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,
облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы

Баспасөз саласында еңбек еттім

Газеттің бұрынғы бас редакторының орынбасары, ақын Темір МЫҢЖАС:

— Мен облыстық «Коммунистік жол» газетіне 1985 жылы 12 тамызда жұмысқа  кірдім. Оның алдында 13 жыл Түрікменстанда шығыптұрған «Жұмысшы» газетінде істедім. Газетке келгенімде Киікбай Мырзағұлов, Нәдірбай Қыдыров, Сәуірбай Есімов, Лебен Сәдуақасов, Аманқос Сүйеров, Гүлжауһар Сейітжанова, Жанат Нұрмаханова, Аталық Тасаров, Тәжіназар Шәдіқұлов, Маңдайлы Қосымбай, Әбілқайыр Спан, Әбу Мұрат, Сайын Әділханов, барлығы 68 адам істеді.

Қаламақы мол, айына екі рет беріледі. Айлықтан қаламақы көп еді. Мерекелік, басқадай сыйақылар өз алдына. Газеттің мерекелік санына бас тақырып (шапка) ойлап тапсақ көтермелеу сыйақы, аударма жолдар үшін арнайы ақы берілетін. Әйтеуір, журналистердің қалтасы жұқа болған жоқ. Ол кезеңдерде журналистердің сөзі өтімді, қоғамдағы беделі жоғары болды.

Міне, осылай жап-жақсы өмір сүріп жатқанда облысты Атырауға қосты да жіберді. Соның кесірінен 1988 жылы тамыз айында облыстық газетте жабылып,  жұмыссыз қалдық. Мамандар жан-жаққа шашырап кетті. Сол кезде мені Бейнеуге «Коммунистік еңбек», қазіргі «Рауан» газетіне қызметке шақырып, 1989 жылдың желтоқсанына дейін сол жерде болдым. Орталықтан шалғайда жүру оңай болған жоқ.

Сөйтіп жүргенде, 1989 жылғы Өзен оқиғасы орын алды. Мұнайшылар қаласында «Жаңаөзен» газеті ашылды. Бас редактор Мейрамбай  Қибасов  маман журналистерді жинап жатыр екен, мен де осы сәтті пайдаланып, Өзенге көшіп  келдім. Бірер жылдан соң Өзен қалалық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, тағы басқа жауапты қызметтерді атқардым. Ақтауда тілдер басқармасында жасап, одан кейін он жыл «Маңғыстау» газетінде бас редактордың орынбасары қызметінде болдым, әдебиет, мәдениет, оқу-ағарту, медицина саласына басшылық жасадым.

Біздің хабаршымыз!

«Маңғыстау» газеті десе, шығармашылық ұжым, әсіресе журналистер бірден есімізге түседі. Қызметі қыз-қыз қайнаған, халық пен биліктің арасындағы көпірді жалғаған шығармашылық ортаның жұмысы бізге таңсық емес. Өйткені соңғы жылдары бүкіл қызметі мемлекеттің, халықтың мүддесімен тоғысып жатқан үкіметтік емес ұйымдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы бекіп, қызметі қабыса түсті.

Аймақтағы 50-ден аса үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктірген «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігі 12 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасап келеді. Осы жылдар ішінде аймақ өмірінің айнасы – «Маңғыстау» газетімен тығыз қарым-қатынас орнатты. Мәселен, газет тілшілері азаматтық қоғам институттары мен азаматтық секторды дамыту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындау, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру бағытында жасалып жатқан жұмыстарымызды және тағы да басқа жетістіктеріміз бен жаңалықтарымызды жариялады. Біз өз қызметіміздің талабына қарай атқарып жатқан істерімізді қоғамға көрсетуге, таныстыруға, өзгелерге үлгі етуге тырысамыз. Бұл бағытта «Маңғыстау» газетінің журналистері бізге көмектесіп, қолтығымыздан демеп келеді. Бұл беделді басылым арқылы әлеуметтік-экономикалық жаңалықтарды, қызықты сұхбаттарды, еңбек адамдарын, жастардың жетістіктерін оқып, ой-өрісімізді, таным-көкжиегімізді кеңейтіп келеміз. Алдағы уақытта да газет беттерінен қызықты материалдарды, тартымды мақалаларды, жағымды жаңалықтарды оқығымыз келеді.

Бүгінде біздің сенімді, тұрақты серіктесімізге, сүйікті басылымымызға айналған «Маңғыстау» газеті 45 жылды еңсеріп, жаңа жасқа қадам басқалы отыр. Жаңалықтың жаршысы, аймақтың айқын айнасы, ұлт мүддесі жолындағы іргелі істердің ұйытқысы болған басылымның ұжымын бірлестік атынан мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс, отбасыларына бақ-береке тілеймін!

Жібек АХМЕТОВА,
«Маңғыстау облыстық Азаматтық альянс»
заңды тұлғалар бірлестігінің президенті

Менің журналистік жолым

Гүлнәр НАУЫРША:

— 2002 жылдың ақпан айында М.Қосымбай журналистік қызметке жұмысқа шақырып, «Хаттар бөліміне» тілшілік жұмысты ұсынды. Сансызбай Оразғалиев, Тәжіназар Шәдіқұлов, Темір Мыңжас сынды тәжірибелі мамандардан үйренгенім аз болмады. Арамызда Әбу Мұрат деген талантты журналист болды.

Аудандарға іс-сапармен баратынбыз. Осылайша Астанаға бірнеше рет жолым түсті. Президент музейіне бардық. «Нұр Отан» партиясы кеңсесінде ардагерлермен кездесу өтті. Сол жылдары «Маңғыстаудың Астанадағы күндері» тұсында Роза Айдарбаеваның жеке концертіне, Тамара Асардың шығармашылық кешіне тілші ретінде қатыстым.

Жалпы журналист мамандығына жастай қызығып, 15 жасымнан журналист болуды армандадым. Жетінші кластан күнделік жазам. Мектепте жүргенде әдебиетші ағайымыз Бесінбай Бегенішов қабырға газетін ұйымдастырып, «Мақала жазың, шығарма жазың» дейтін. Менің журналистикаға құмарлығымды оятқан да сол кісінің осы сөздері болуы керек, бірақ ол ойым бірден жүзеге асқан жоқ. Ауылда өскен адамбыз ғой, журналистерді даярлайтын оқу орнының қайда екенін білмедім.

1980 жылы «Коммунистік жол» газетіне корректорлық  қызметке тұрдым. Жауапты хатшы Нәдірбай Қыдыров редактор Киікбай Мырзағұловқа айтып, жұмысқа қабылдады. 4-5 жыл істегесін облыстық телерадио комитеті басшысы Ғалым Теміртасов жұмысқа шақырды. Радиода әуелі Сансызбай Оразғалиевтің қарауында істедім. Төлеген Жалғасбаев, Қыдырғали Әдеков, Нұрлан Бәкешов – бәріміз бірге істедік. Ол кезде радионың жұмысы күшті, сағаттап хабар-ошар, бағдарламалар жүреді.

Кітапханамен құрдас басылым

«Маңғыстау» деген атауының өзі әрбір өлке тұрғынына ыстық газеттің құрылғанына 45 жыл толып отыр. Сонымен бірге Маңғыстау облыстық кітапханасына да – 45 жыл. Екі руханият мәйегі де бір-бірімен иық тіресе халыққа қызмет етіп келе жатыр.

Кітапхананың ақпараттық, танымдық-тәрбиелік бағытта өткізген әрбір шарасы облыстық газет арқылы қалың оқырманға жетеді. «Маңғыстау» газетінің жұртшылықты жақсы істерге жұмылдыруда, кітап оқуды, ақын-жазушылар шығармаларын насихаттауда, тілдің аясын кеңейтуде еңбегі зор деп білемін. Бұл – газет жұмысының бір тармағы ғана.

Облысымызда мәдениет саласына қарайтын 66 кітапхана бар. Осы мәдени орындардың барлығы бірінші кезекте міндетті түрде «Маңғыстау» газетін алдырады. Өйткені аудан, ауыл тұрғындары облыс жаңалықтарын жеткізуші облыстық газетті асыға күтеді. Газет бетінде облыстың мәдениет саласы, оның ішінде облыстық кітапхана, Жетібай ауылдық кітапханасы, Өмірзақ ауылдық кітапханасында ұйымдастырылған шаралар үзбей жарияланып тұрады. Жаңалықтарымыздың жаршысы болып жүрген газет ұжымына зор алғысымызды білдіреміз.

Мереке қарсаңында облыс айнасының ұжымын мерейлі мерекемен құттықтаймыз. Шығармашылық қаламдарының қуаты арта берсін, жағымды жаңалықтары көп болсын!

Нұргүл ЕҢСЕГЕНОВА,
Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасының
әдістеме бөлімінің меңгерушісі

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы не білесіз?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз