«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Маңғыстау облысы бойынша филиалының (бұдан әрі — филиал) жұмыс бағыттарының бірі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (бұдан әрі — ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтар мен заңды тұлғалардың шағымдарын қарау болып табылады.

2018 жылдың 01 қаңтарынан 20 наурызына дейін филиалға 5 жазбаша түрдегі шағым келіп түсті, олардың ішіндегі 2 ­- келісім-шарттарды түсіндіру мәселелеріне қатысты, 2 – заңды тұлға – резиденттің шетелдік азаматтар үшін төлем аударымдарын жасау туралы және 1 – жеке клиниканың жұмысшыларының ұжымдық шағымы.

Сонымен қатар филиал телефонына 62 қоңырау түсіп, олардың барлығына сол мезетте жауап берілді.

Жиі қойылатын сұрақтарға тоқталып өтейін.

Қазақстан Республикасының азаматы үшін шетелдік компания әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлемдерін аударуға міндетті ме?

Қазақстан  Республикасының  «Міндет­ті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңының 14 бабының 1 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме, сондай-­ақ шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаларды қоса алғанда, осы заңның 6-­тарауында белгіленген тәртіппен аударымдар мен жарналарды есептейтін (ұстап қалатын) және қорға аударатын жұмыс бе­рушілер аударымдарды төлеушілер болып табылады.

Жұмыскерлер ол үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жасалып жатырған төлемдер туралы мәліметтерді қайдан біле алады?

Жұмыс беруші аударымдар және (немесе) жарналар төленетін жұмыскерлерге есептелген (ұстап қалған) және аударылған аударымдар және (немесе) жарналар туралы мәліметтерді есепті айдан кейінгі айдың 15­-інен кешіктірмей ұсынуға міндетті.

Қымбат тұратын ақылы қызметтерді (КТ және МРТ) ақысыз түрде кімдер өте алады?

Қымбат тұратын медициналық қызметтер тек қана тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде көрсетіледі. ТМККК шеңберінде көрсетілетін қызметтердің тізілімі Қазақстан Республи­касы Үкіметінің 15.12.2009 жылғы №2136 қаулысымен бекітілген.

ТМККК тізіліміне келесі қымбат тұратын келесі диагностикалық зерттеулер жатады:

  1. Полимеразды тізбекті реакция негізінде диагно­стикалау;

2. Иммунофенотиптелу;

3. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген көлемде және мерзімдерде жүкті әйелдерді медициналық-­генетикалық зерттеу (ультрадыбыстық скрининг, ұрықтың анатомиясын бағалау, инвазивті пренатальдық ем­шаралар, цитогенетикалық зерттеу­лерге биохимиялық скрининг);

4. Компьютерлік томография;

5. Магниттік-­резонансты томография;

6. Позитрондық-­эмиссиялық томография;

7. Бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томогра­фия;

8. Ангиография.

Амбулаторлық – емханалық көмек деңгейінде бұл зерттеулер, бюджет қаражаты есебінен маманның жолдамасы бойынша тек қана халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттары үшін көрсетіледі. (18 жасқа толмаған балаларға; жүкті әйелдерге, Ұлы Отан соғысына қатысқандарға; 1, 2, 3­ топтағы мүгедектерге; «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға; атаулы әлеуметтік көмек алушыларға; жасы бойынша зейнеткерлерге; инфекциялық, әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын науқастарға және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратындарға).

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бейнеу ауданындажүлдегер спортшылар көп

Сонымен, егер сіз жоғарыда айтылған халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттардың біреуіне жата­тын болсаңыз, емханада дәрігер көрсеткіштер болған жағдайда КТ, МРТ немесе басқа қымбат тұратын зерт­теуге, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісім­-шартқа тұрған қызметтер берушілердің біреуі­не жолдама береді. Азаматтардың денсаулық сақтау субъектісін таңдау құқықтарын жүзеге асыруды есепке ала отырып, осы қызметтер үшін ақыны қор төлейді.

Жеке клиникалары күндізгі стационарларының қызметтерін пайдалануға болады ма?

2018 жылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы күндізгі стационар қызметтерін көрсететін 5 жеке медициналық клиникалармен келісім­шарт жа­састы. «МПК Софи Медгрупп» ЖШС, «ЛОР Медиус» ЖШС, «ГрандМед» ЖШС, «Еркемед» ЖШС, «Caspian Health Servise» ЖШС. Қызметтер жалпы тәжірибелі дәрігердің немесе алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының жолдамасы бойынша көрсетіледі.

Бүгінгі күні қатар орындаушылардың тізімін қайдан табуға болады?

2018 жылдың қаңтар айында 36 денсаулық сақтау субьектілері, қатар орындаушы (соисполни­тель) ретінде ТМККК шеңберінде консультациялық диагностикалық қызмет көрсетуге көмек түрлерін ұсынды. Бүгінгі күні қатар орындаушылар тізімі құрастырылды, келісім­шарттар жасалу үшін барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелеріне жіберілді, облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтында орналастырылды.

Егер мемлекеттік емханада арнайы мамандандандырылған дәрігер болмаған жағдайда, жеке клиниканың дәрігеріне ақысыз қаралуға болады ма?

Қатар орындаушылар дерек қорында жеке клиникамен келісім­шарт бар болса, онда дәрігердің жолдамасымен жеке клиниканың дәрігерінің консуль­тациясын алуға мүмкіншілік бар.

А.УТЕБАЕВА,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру» КЕАҚ-ы
Маңғыстау облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштер қарау бойынша бөлім басшысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз