2016 жылғы қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»  Коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылып, жақында оның Маңғыстау облысындағы филиалы ашылды. Жұмыс істей бастағанына көп уақыт өте қоймаған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ филиалының директоры Руслан Фаризунұлы БЕКТУБАЕВПЕН сұхбаттасудың сәті түсіп, көпшілік көкейіндегі бірқатар сауалдарды қойған едік.

— Халық денсаулығын жақсарту бағытында қолға алған жұмыстарыңыз берекелі болып, ел игілігіне жарай берсін, Руслан Фаризунұлы. Алдымен, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) халыққа тиімділігі жайында айтсаңыз.

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорын құрғандағы басты мақсат—халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту. Осы МӘМС қоры арқылы көптеген жекеменшік медициналық мекемелер халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге тартылады. Сосын медициналық мекемелер арасында халыққа көрсетілетін көмек сапасын арттыру жолында бәсекелестік болады. Өйткені, Қордан бөлінетін қаржы қызмет сапасына байланысты. Қазір мемлекеттік емханаларда кезек көп екенін білесіз. Әсіресе, кардиолог, невропатолог сияқты арнайы бейін мамандары тапшы. Оларға кіру үшін ұзын-сонар кезекте тұрған адамның жүйкесі жұқаратыны белгілі. Кейбірі дәрігерге тегін қаралудан үмітін үзіп, жекеменшік емдеу орындарына барып, ақылы түрде емделеді. Басқа лаж жоқ. Ал қалтасы жұқа адамдар, амалсыз кезекте отыра береді. Бүгін кезегі келмесе, ертеңіне ертерек барып тағы күтеді. Дамыған елдерде тұрғындардың дәрігерге ақылы қаралуға шығаратын шығыны 20 пайыздан аспайды екен. Ал біздің елдегі деректер бойынша бұл көрсеткіш 37 пайыздай. Қазақстандықтар ақылы ем үшін екі еседей артық шығынданады. Мұның себебін айтып өттім, тегін медициналық көмек көрсететін емханаларда дәрігер мамандарының жетіспеуінен немесе мүлдем жоқтығынан осылай болып отыр. Мемлекеттік емханалардың күші жетпей бара жатыр. Ал енді жағдай басқаша, мемлекеттік емханаға барған адам жекеменшік медициналық мекемелерге барып та тегін қарала алады. Оның тексеріліп, емделу шығындарын МӘМС Қоры төлеп отырады. Ендігі жерде, мысалы, қазіргідей бір емханадағы кардиологқа кіру үшін талон таба алмай сенделіп жүрген науқастар болмайды. Оларды бес жекеменшік емдеу мекемесіндегі бес кардиологқа бөліп жібереді. Сөйтіп, біз олардың мамандарын тегін медициналық көмек көрсетуге тартамыз, аппаратурасын пайдаланамыз.

— Халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге жекеменшік емдеу мекемелері мүдделі ме? Олар тұрғындарға тегін медициналық көмекті қай уақыттан бастап көрсетеді?

— Әрине, мүдделі. Мысалы, бір жекеменшік медициналық мекемеде УДЗ-ге түсудің құны 5000 теңге делік. Оларға осынша ақша төлеп, күнде науқастар келіп жатпасы белгілі. Ал МӘМС Қорынан қаржы түсіп тұрса, күніне бір емес, бірнеше адам қаралуы әбден мүмкін. Басқа дәрігерлерге де солай. МӘМС Қоры арқылы емханалармен шарт жасасқан жекеменшік емдеу мекемелері 2018 жылғы қаңтар айынан бастап бұл жұмысты бастап кетеді. Олар келісім-шартпен жұмыс істеген кезде халықтың  тегін медициналық көмекке қолжетімділігі артып, таңдау көбейеді. Сол үшін қазір тегін медициналық көмек көрсетуге ниет білдірген мекемелердің тізімі жасалды. Тізімге 8-қарашаға дейін 58 медициналық мекеме еніп отыр. Бұл былтыр жасалған тізімге қарағанда, 20 пайызға артқанын көрсетеді. Осы 58-дің  42 пайызы—жекеменшік медициналық мекемелер. Нақтырақ айтсам, былтыр 16 жекеменшік медициналық мекеме тізімде болса, биыл 25 мекеме енді. Қосымша медициналық көмек көрсетуге ниет білдірген емдеу мекемелері де бар.  Бұдан бізде МӘМС Қорымен жұмыс жасауға ынталы жекеменшік медициналық мекемелердің көбейіп жатқанын көре аламыз. Бүкіл республика бойынша тіркелген медициналық мекемелер 1000-нан астам. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтынан көруге болады бұларды.

Тізім жасаудың бірінші кезеңі аяқталып,  3-ші қарашада екінші кезеңі басталды. Тізімге енген медициналық мекемелер қарашаның 18-не дейін қаражат көлеміне тапсырыс беріп жатыр. Олар, мысалы, қанша адамды тексеріп, емдей алатынын, қанша адамды рентген немесе компьютерге түсіріп бере алатын мүмкіндігі барын ұсынады, құрал-жабдықтарын, лицензиясын, қарызының жоқтығы сияқты мүмкіндіктерін көрсетеді және дәлелдейді сонысын. 18-қарашадан кейін денсаулық сақтау басқармасының, қоғамдық ұйымдар  өкілдерінен құралған комиссияның шешімі бойынша қордан тиісінше қаражат көлемі белгіленеді. Қаржы бөлінген медициналық мекемелер 2018 жылдың қаңтарынан жұмысын бастап кетеді. Қор олардың жасаған жұмысына қаржы аударып отырады. Қаржы бөлінген соң ол қаржының игерілуіне бақылау да болатыны түсінікті. Біз қаржы бөлінген медициналық мекемелердің өз міндеттерін қалай орындап жүргеніне, құжаттарына, жұмыс сапасына мониторинг жүргізіп отырамыз. Осы мақсатта 10 сарапшы дәрігеріміз болады. Мониторинг нәтижесінде кемшіліктер байқалса, тиісті шаралар қолданылады.

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсіп жатқан қаржы мөлшері жеткілікті ме?

— Биылғы шілде айынан Қорға қаржы түсе бастады ғой. Ол ары қарай да жалғаса береді. Республика бойынша 1-шілдеден 1-қарашаға дейін 18 миллиард 823 миллион теңге жиналған. Соның ішінде біздің облыс бойынша 871 миллион 900 мың теңге жиналды. Әрине, бұл қаржының көбісі жұмыс берушілерден түскен. 1-шілдеден бері жұмыс берушілер 813 миллион теңге, ал кәсіпкерлер 58 миллион аударып отырған. Қаражат, әрине, Ұлттық банктің есеп шотына  түседі. Түсірген қаржы көлемі бойынша біздің облыс 10-орында. Алдыңғы үш орындарда Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысы тұр.

— Қорға жиналған қаржының басым бөлігі жұмыс берушілерден және біразы кәсіпкерлерден түскен екен. Ал өзін өзі қамтып жүрген азаматтар келесі жылы қаржы аудара бастай ма, әлде бұл мәселе Мәжілісте қаралып жатқандай, 2020 жылға дейін қалдырыла ма?

— Бұл әзір белгісіз мәселе. Оның себебі белгілі. Елімізде жұмыспен қамту бөлімдерінде тіркелмеген, ресми еш жерде жұмыс істемейтін, бірақ өзін, отбасын асырап жүрген азаматтар аз емес. Олар мемлекетке салық та төлемейді. Ешкімнен, еш жерден жұмыс сұрамаса, еш жерде тіркелмесе, демек, олардың жағдайы жаман емес деп түсінуге болады. Заң бойынша келесі жылдан бастап өзін өзі жұмыспен қамтитын адамдар қорға жарна  төлеуі тиіс жұмыс берушілер мен кәспкерлер сияқты. Егер төлемесе, оларға шұғыл жағдайдан басқа, жоспарлы медициналық көмек ақылы түрде көрсетілуі тиіс. Бұл, әрине, оларға ауыр тимек. Сондықтан бұл азаматтар не ресми жұмысқа орналасуы керек, не жеке кәсіпкер болып, мемлекетке салық төлеуі керек. Сонда олар да тегін медициналық көмек ала алады. Осындай азаматтар арасында екі жыл бойы түсінік жұмыстарын жүргізіп, оларды дайындау үшін Заңға өзгерістер енгізу жайында ұсыныс  болды. Бірақ өзгеріс бола ма, жоқ па, бұл мәселе жылдың соңына дейін шешілетін болар. Елбасымыз осы орайда асығыстыққа жол бермеуді тапсырды.

Тағы оқыңыздар: Ресей «Байқоңырдағы» жалға алынған жерлердің бір бөлігін қайтарды

— Тұрғындарды емханаларға тіркеу жұмысы қалай жүріп жатыр?

— Жылдағыдай бұл жұмыс 15-ші қыркүйекте басталып, 15-ші қарашада бітеді. Бізде қазір 20 бастапқы медициналық көмек көрсететін мекеме бар. Былтырғымен салыстырғанда, олардың көлемі өсіп отыр. Былтыр олардың саны 12 болса, биыл 20-ға жетіп, 60 пайызға өсті. Соның ішінде жекеменшік бастапқы медициналық көмек көрсететін мекеме өткен жылы жалғыз «Сенім» болса, биыл олар сегізге жетіп отыр. Бұлардың алтауы адамдарды тіркеді, ал екеуі ниет блдіргенімен, жұмысты әрі қарай жалғастырған жоқ. Бұл медицина мекемелері бұрын мұндай жұмыспен айналыспаған. Заң бойынша олар, қалалық жерлерде бір дәрігерге кемінде 1500, ал ауылдық жерлерде 1000 адам жинауы керек. Мысалы, екі учаскелік дәрігер болса, 3000 адам тіркелуі тиіс. Адам жинақтай алғандарға жинақталған тұрғындар санына қарай қаржы бөлінеді де, олар қызметін 2018 жылдың  1-қаңтарынан бастайды. Ал адам санын жинай алмағандары келесі жылға қалады. Дұрыстап дайындалу керек. Қазіргі ақпарат бойынша медициналық мекемелерге тіркелуге ниет білдірген 21 мыңнан астам адамның 18 мыңы жаңа тіркелетін клиникаларды таңдаған.

— Руслан Фаризунұлы, өзіңіз де білесіз, елімізде Кеңес заманындағыдай ауруханаға қалаған уақытында жатқысы келетін үлкен кісілер бар. Олар порталда кезек күтуді қаламайды. МӘМС Қорының осы мәселені шешуге көмегі тие ме?

— Көп елдерде ауруханаға жату оңай емес. Айлап күтеді кезегін. Біздің үлкен кісілеріміз міндетті түрде ауруханаға жатып, ем алғысы келеді. Бірақ көбінесе, тәулік бойы ауруханада жатып, емделудің қажеттілігі болмай жатады. Сондықтан күндізгі стационар қызметін көбірек қолданғаны дұрыс. Енді күндізгі стационарда емді жекеменшік ауруханалардан да алуға болады. Медбике күтімі ауруханасы  деген бар. Көптен ауыратын және өзінің ауруын жақсы білетін егде жастағы кісілерді дәрігер тексеріп, қарап, емін  тағайындап кетсе, әрі қарай, күтімін тәулік бойы медбикенің өзі-ақ жасай береді. Аурухананың осындай түрі дамыған елдерде жолға қойылған. Алда күтіп тұрған жақсы жаңалықтар көп. Бір қарағанда, тұрғындардың барлығы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры туралы хабардар сияқты болғанымен, түптеп келгенде жұртшылық арасында қор жұмысы жөнінде ақпаратты көбейту керек екені байқалады. Сондықтан мекемелерге барып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын әлі де жүргізе бермекпіз. Медицина қызметкерлері арасында да насихат шараларын өткіземіз.

 Сұхбаттасқан Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

4 ПІКІРЛЕР

  1. Бул киси енди облздрав бастыгына коятын сурагыма ???мени акем 2 топ мугедек окулист шакырсак келмейди 26 жалгыз окулист Деп медкомисси войкамат баратында осы врач , сонда журе алмайтын мугедек кисилер кайтеди , акшасы жетпейтин жеке меншик врачтар шакыруга , менде кате болса кешресиз казакша штрих жок еди .

    • Келесі жылдан бастап бұл мәселе шешілуі керек. жекеменшік емханалардың дәрігерлері тегін медициналық қызмет көрсетуге тартылады деп отыр ғой.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз