Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Ералы Тоғжановтың бұйрығымен РФ «Аракс» кемесіне қатысты Каспий теңізінде төтенше жағдайлардың алдын алу комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті.

Айта кетейік, 2016 жылдың 4 маусымында  Қарақия ауданының құмды мүйісінде шамамен жағадан 100 метр қашықтықта «Аракс» кемесі тұрып қалған болатын. Көрсетілген мәліметтер бойынша, кемеде 17 қап және 11 дана екі жүз литрлік мазутталған бөшке, сондай-ақ, 130 тонна  ластанған су (мұнай өнімдері) мен 500 тонна балласт табылған.

Маңғыстау облыстық экология Департаментінің басшысы Абай Сафиннің айтуынша, ағымдағы жылдың 9 маусымында танкер мен теңіз ауасының және танкер маңындағы теңіз суының тазалығын тексеру жұмыстары жүргізілген.

Нәтижесінде лас қалдықтардың шекті ұйғарынды концентрациясы мөлшерінен аспағандығы анықталды. Ал танкердегі ауаны тексеру барысында ондағы метан көлемінің 51,4%-ға жоғары екені белгілі болды (одан бөлек күйік иісі де байқалған). Жабық танкердегі метан мөлшерінің көптігі жарылыс қаупін тудыруы ықтимал (жарылысқа ашық от, оның ұшқыны, жоғары температура әсер етуі мүмкін).

-«Транс Каспий» компаниясының қожайынына кемені орнынан алып тастау жөнінде бірнеше рет айтылды. Сондай-ақ, «Аракс» кемесіндегі зиянды өнімдерді қысқа мерзім ішінде жою жөнінде де ұсыныстар тасталды. Дегенмен кеме иесі тарапынан бүгінге дейін нақты шешім айтылмай келеді. Сондықтан «Росмортранспорт» Мемлекеттік Басқармасының көмегіне жүгінуге тура келді.  Қазіргі таңда «Транс Каспий» қожайыны заңдық тұлға болып танылмайды. Махачкаланың кемелер тізімінде бұл кеме «Транс Каспий» иелігінде деп көрсетілген. ҚР инвестициялар және даму министрлігінің жол-көлік оқиғаларын зерттеу департаменті мен РФ зерттеу органдары бірлесуімен «Аракс» кемесіне тексеру жұмыстары жүргізілді, — дейді Ақтау және Баутино теңіз порты әкімшілігінің жетекшісі Нұрбол Ерманов.

Облыс басшысы Ералы Тоғжанов жауапты тұлғалардың мәлімдемесін тыңдаған соң, қысқа мерзім ішінде «Аракс» кемесін лас қалдықтардан  тазартуды тапсырды. Оған Ақтау және Баутино теңіз порты әкімшілігінің басшысы Нұрбол Ермановты жетекші етіп тағайындады.

Облыс әкімінің орынбасары Ш. Илмуханбетоваға ұсынылған есеп бойынша облыстық бюджеттен қаржы бөлуді тапсырып, ҚР ҰҚК ШҚ «Жағалаулық күзет» басқармасын қажетті техникамен қамтамасыз етуге міндеттеді. Ал Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаменті кемені тазарту жұмыстары аяқталғанша күзет қызметі өкілдерінің қатысуын, бөгде адамдардың араласпауын назарда ұстайтын болады.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз