Мені алғаш рет сол кездегі облыстық «Коммунистік жол» газетінің бас редакторы Рысхан Мусин аға 1976 жылы 2 қыркүйекте корректорлық қызметке алып еді. Мектеп қабырғасынан өлең, әңгіме, новелла, хабар-ошар, шағын мақалаларды аудандық, облыстық, республикалық газеттер мен радиоға қарша боратқанымды білетін редактор «Жазуға бейімің бар, айналайын. Өзіңді әдеби қызметкермін деп есепте. Еш іркілмей жаза бер» дегені әлі есімде. Бір қызығы, кейінірек, сол Рахаңның 70-ке толған орайында (ол кезде Р.Мусин Семей қаласында шығатын «Абай» журналының бас редакторы болатын) маған бір жігіт келіп құттықтау жазып беруге өтініш жасады. Өзімді облыстық басылымға әлі шикілеу кезімде қызметке қабылдаған қадірменді ағаны тіріде ұмытайын ба, жедел жазып қолына ұстаттым. Сондағы өлең:

            Тұғырлы тұлға
                                   Р.Мусин ағамызға

Танытып тарпаң мінез жасыңыздан,
Баянды күндер өтті басыңыздан.
Тұғырдан таймай әлі келесіңіз,
Табылып дос-жарандар қасыңыздан.

Ежелден Ер едіңіз қыдыр қонған,
Жүзінен мол мейірім, нұры тамған.
Маңғыстауға жол тартып қырық жаста,
Мұнда да мағыналы ғұмыр болған.

Газетті облыстық қолмен құрып,
Салдыңыз өздік соқпақ жолмен жүріп.
Қаламгерлік қасиет қанға сіңген,
Қашанда нысанаңыз – көркемділік.

Үстем боп қабілет пен қарымыңыз,
Үлгі боп кісілікті қалыбыңыз,
Басшылық мойындалып дарыныңыз,
Ұстаздық – інілерге тәліміңіз.

Ортада сыйлы болған нар ағамыз,
Бейне бір секілденген Шерқаламыз,
Құттықтап өзіңізді заңғар жаспен,
Еске алып өткен күнді толғанамыз.

Шешендік көсемдікпен қоса өріліп,
Сол кезден атандыңыз өсер жігіт.
Парасат, пайым менен байыптылық,
Арлылық, азулылық, көшелілік.

Осылай қай-қашанда биік тұрған,
Сіздейін айналды елі сүйікті ұлдан.
Жетпіске жеңдірмеңіз, о Раха,
Жүзге де жетер дейміз ірі тұлғаң!
                                                  2002 жыл

Артынша біздің елден барған әлгі жегжат жігітінен Рахаң өзінің бір кітабын сыйға  беріп жіберіпті «Маңғыстау» газетіне. Оған да рахмет. Кең пішілген, дарқан пейілді кісі еді, марқұм. Сол замандағы ең талантты жастар тоғысатын «Лениншіл жастың» қазанында әбден қайнап шыққан, жатық жаза білетін, батыл ойлы, жігерлі, жұмысты ұйымдастыра білу шеберлігі өте жоғары, баяғы асылдардың сынығындай салихалы, Абай елінің арқалы азаматы, нағыз қара нардың өзі еді. Рысхан аға мен газеттің алғашқы жауапты хатшысы Нәдірбай Қыдыров КазГУ-ді бірге түгескен, сыралғы достар болыпты. Тағы бір таңғаларлық жағдай, менің естуімше, Рахаң Нәкеңді телефон арқылы бұйрық беріп жауапты хатшылыққа бекітеді де, Ақтөбенің тумасы (арысы өзіміздің Маңғыстаудан) Нәкең сол кезде енді-енді облыс болып құрылып, еңсе түзей бастаған Маңғыстауға, оның орталығы қазіргі Ақтау қаласына бас редактордан бұрын жетіп, газеттің алғашқы нөмірін бір өзі шығарған сыңайы бар. Әрине бұл жайында алдыңғы буын ағаларымыз жақсырақ біледі. Мен де осы басылымда отыз бес жылға таяу тер төккендіктен, газеттің бүкіл өмірі көз алдымда бейне көлбеңдеп тұрған тәрізді. Әрине, менің КазГУ-дегі бес жыл мен Алматыда қызмет жасаған екі жылымды және 1988-1990 жылдардағы облыстың жабылып қалып, жыл жарымдай Абай атындағы мәдениет сарайында көптеген ұлттық мәселелерге араласқанымды айтпағанда, қалған бүкіл ғұмырым осы облыстық газетпен етене байланысып, шегенделіп жатыр. Қаншама адамдармен қызметтес, дәмдес болдым, алайда «жаман» адам көрген жоқпын. Жұмыс бабында тәртіп пен қатаң талап қойылуы заңды, ал тіршілікте ешкіммен де «шәй» дескенім жоқ.

Жоғары оқу орнына бірінші рет түсе алмай қалып, сол КазГУ-ге қайта аттанғанымда қолтығымнан сүйеп қолхат берген газеттің екінші редакторы Жәмек Оспанов болатын. «Социалистік Қазақстан» сынды кез келгеннің несібесіне бұйырмайтын, ірі  басылымда ерте ысылып шыққан, көненің көзіндей кісі. Қатқылдау, ыссылау сөйлеп жіберетіні де бар. Бірақ ар жағы жоқ, адал, бекзат. Ең бастысы, ешкімнен ықпайтын принципшіл, жағымпаздыққа жаны қас, ақжарқын кісі  еді. Маған өле-өлгенше телефон соғып кетті. Сондағы айтатыны: «Баяғыда 60-жылдары біз Бисекең үйіне барғанда, бесікте жатыр едің, інім. Мен сол кезде абыройлы ағаға осы бала түбінде тәуір қаламгер болады деп едім, үмітімді ақтадың» дейді де қарқылдап бір күледі дерсің. Тұла бойында еш жасандылық жоқ, шынайы, атыраулық азамат.

Мен Алматыдан елге оралған кезімде газет редакторы Киікбай Мырзағұлов болды. Қызылорданың, Аралдың тумасы. Жұмысшылықтан еңбек жолын бастап, Алматы партия мектебінің төрт жылдық журналистика факультетін тәмәмдаған. Жанында жамандық жоқ, қарапайым, ұстамды адам. Редакцияның қайнап тұрған кезі, газет өмірі аласапыран тіршілік. Мен осы кезде газеттің техникалық қайнарында – секретариатта шыңдалып шықтым. Негізінде секретариатта жұмыс жасап, макет сызған журналист, баяғы ұстазымыз Әбілфайыз Ыдырысов айтқандай, өзгелерден гөрі мықтырақ болады.  Себебі  ол – газеттің ертеңгі болмысын көз алдынан сүзгіден өткізеді, көркемдік те, техникалық та сапасын таразылайды. Бұл шынында да нағыз мектеп болды. Секретариат «көрігін қыздырған» танымал мамандар қатарында Алпамыс Бектұрғанов, Мырзағали Іңірбаев, Айтбай Аймағанбетов, Қаражан  Сердалиев, Тұрарбек Пұшбақбаев, Аталық Тасаров, Сафи Әжімұратов, Мұрат Әбуов, т.б. есімдерін құрметпен еске алуға болады. Өйткені басқа журналистер мақалаларын жазып, үлеріне уақытында кеткенде біз әңгіме етіп отырған секретариат қызметкерлері күні-түні редакция мен баспахана арасында тынымсыз тер төгетін. Ол кезде баспахана қаладан сырт жақта, көлік жағы тапшы, партияның кезіндегі «цензура» деген секілді… кідірістер тым көп еді. Газеттің кезекті сандары тым кеш шығатын…

Әпербақан саясаттың кесірінен 1988 жылы  күзге  қарай  облыспен  бірге  газетіміз де жабылып қалды. Орыс тіліндегі газет қалалыққа айналып жабылмады. Әрине, газет басшылығы табандылық танытқанда қазақ тіліндегі басылымды да сақтап  қалуға болатын еді. Өйткені 1986 жылдан бастау алған КСРО-дағы жаппай демократия, жариялылылық, ұлттық сана-сезімнің өсуі бұл мақсатты жүзеге асыруға кедергі жасай алмас еді. Газет редакциясына болған жағдайды баян етуге келген обкомның идеология хатшысы Т.Догадоваға газеттің өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Мейрамбай Қибасов қана қарсы тұрып, осы мәселені көтере білді. Әйткенмен «жалғыздың үні шықпай» қалды ғой..

Айдың күнінің аманында киелі Маңғыстау облысының жабылып қалуы – өзге салалар секілді өңір журналистикасының тоқырауына соқтырды. Мен білген жерде М.Қибасов – Жетібай, Өзенге, Т.Мыңжас Бейнеуге, М.Әбуов – Ералыға, Болат Үмбет – пластмасса зауытына, Сафи Әжімұратов – ЖУТТ-ға, тағы басқалары тағы басқа жерлерге «тұрымтай тұсына» деп, түрлі жұмыстарға амалсыздан кетті.

Осы кезеңде менің өмірімде бір күтпеген жағдай болды. Облыс жабылып, іле өткен қалалық партия конференциясында Абай атындағы мәдениет сарайы «аты затына сай емес» деп сыналғаны жөнінде естігенбіз. Менің қолым бос болғалы бір екі-ай болып қалған, өндіре өлең жазып жатыр едім үйде. Жастық шақ лирикалары деген сияқты… Енді, міне, күтпеген жағдайда біздің үйдің телефоны шырылдап тұр.

— Алло, – дедім.

— Ғалымсыз ба? – деп сұрады. «Иә» дегенімше, «егер мүмкін болса, сізді Абай сарайының директоры Онянов келіп кетсе деп шақырып жатыр» деді ол. Бұл мен үшін сәл тосындау, жұмбақтау көрінсе де, айтқан уақытында салып ұрып Абайға жеттім.

Екінші қабаттағы қабылдау бөлмесінде отырған сүйкімді орыс қызы: «Валерий Иванович ждет вас с нетерпением» деді. Ақ­ сары өңді, қағілез, жүзі жылы, өнер адамы екені де беп­-белгілі мәдениетті келген орыс жігіті қолымды қысып, орындық ұсынып әңгіме бастады. Бір сағаттай сыр шертістік. Сосын хатшы қызына Абайдағы барлық көркемөнерпаздар ұжымдарының басшыла­рын шақыруды сұрады. Лезде бірінен соң бірі орыс қыз­-келіншектері қаптап кетті. Сөйтсем, олардың арасында поляк, украин, еврей, та­тар, армян, басқада тау халықтарының өкіл­ дері бар екен…

– С сегодняшнего дня всем включить в ре­пертуары казахские номера. Для этого про­шу всех вас посоветоваться с этим молодым человеком. Он прекрасно знает историю, культуру, литературу, традиции, обычаи, быт своего народа, – деді директор В.Онянов.

Абайда болған жыл жарым өмірімдегі сол сарайға қазақ рухын әкеліп, Ақтау қаласының атының өзгеруіне «абайлық» орыс ағайындарды көндіргенім, кіреберіске ұлы ақынның бюстісін жасатып, қаншама студиялар мен үйірмелер, көркемөнерпаз­дар ұжымдарын ашқанымыз, алғашқы «Та­машаны» сахналағанымыз, Ақтаудың және «ПГМК»­ның 30 жылдығын өткізгеніміз, бұл – өз алдына ұзақ жыр. Келер жылы ал­даспандай жарқылдаған ұлт батыры Сайын Шапағатовтың арқасында «Парасат» қоғамы құрылып, көп салаларда әлеуметтік әді­леттіліктің орнығуына, ірі зауыттарға қазақ инженерлері мен жұмысшыларының көптеп орналасып, ұлттық сананың жаңғыруы жо­лында мігірсіз күрес жүріп жатты.

Сол кездегі қалалық партия ко­митетінің бірінші хатшысы Нико­лай Баевпен атқару комитетінің төрағасы Меңдеш Салықовтың алдына қойылған басты мәселелердің қатарында қазақ тіліндегі қалалық газетті, мемлекеттік тілдегі мектептер мен балабақшалар, өнер мектебін ашу үшін әлденеше рет айтыстар­ тысқа түскен сәттер де жадымызда. Қала­лық әкімдіктегі осындай кездесулерде Сайын Шапағатов, қаламгерлер Темірхан Медетбе­ков, Гүлжауһар Сейітжанова, Тәжіназар Ша­дықұлов, Мейрамбай Қибасов және біздің де батыл сөйлеген тұстарымыз аз емес­ті…

Осындай үлкен күреспен келген газеттің редакторы болып Сәуірбай Есімов ағамыз еңбек етті. Оқыған­-тоқығаны мол, орта көрген, білімді азамат қой, бірінші орынба­сары Мырзағали Іңірбаев екеуі біраз шаруа­ларды тындырды. Алайда бұл – ұлттық сана­ сезімнің әбден шарықтаған тұстары еді, ал халықпен бірге журналистердің де әлеуметтік мәселесі күрделі болатын…

Сол бір алмағайып тұстарда облыс әкімі Ләззәт Қиыновтің өзі ұжымға келіп, жина­лыс өткізіп, іс барысын талдауынан кейін басшылық өзгеріп, бас редактор болып Мей­рамбай Қибасов ағамыз, оның бірінші орын­басары болып 1994 жылдың 30 маусымында мен тағайындалған едім… Бұл кезеңде газет бетінде тым өткір материалдар жиі жарияла­на бастады да, өртке май тамызғандай болып оқырман да селт ете түсті. Газеттің тиражы халықтың қиын жағдайына қарамастан күрт өсті. Әрине, ащы сындар біреулерге ұнамай да жатты…

Одан кейінгі басшы Жоламан Бошалақов ағамызға да бұл қиын жылдар тауқыметі оңай олжа бола қойған жоқ. Аз жалақымен адамдарды тілін тауып жұмсап деген сияқты, әйтеуір қалайда газеттің тығырықтан шы­ғуының айқын жолы ізделді. Газетті компью­терлендіру, техникалық жаңғырту, информа­тика мамандарын тартуға ден қойылды.

Газет басшылығына одан кейін келген Маңдайлы Қосымбай он жылдың үстінде та­бандап еңбек етті. Жан­жақты сапалы басы­лым шығаруға құлшынып, күні­т-үні ақ адал маңдай тер төкті. Ардагерлерді құрметтеп шығарып  салу, жас  мамандарды  қызмет­ке тарту, ұжымның ұйымшылдығын бекіту секілді маңызды істерді тұрақты назарда ұстады.

«Комммунистік жолдың» қайталанбас жау­апты хатшысы Нәдірбай ақсақал болса, газет жабылып барып қайтадан шыққан 1990 жыл­дан бастап оның орнын баспасөз майталма­ны  Аманқос  Сүйеров  алмастырды.  Әбекең – бала күнінен Құлсарыда аудандық газетте әбден  пісіп  шыққан  кәнігі маманның  өзі. Партия мектебін бітірген соң, облыстық га­зетімізде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды. Ол кезде бас редактордың бірінші орынбасары әуелі Сансызбай Оразға­лиев, сосын С.Есімов, орынбасарлары Лебен Садуақасов пен осы А.Сүйеров болатұғын.

Қалам мен қағазды қадір тұтқан, шығармашылықты өмірінің өзегі санаған журналистердің шығарма­шылық бәсекесі өте мықты еді. Тіпті олардың ішінде осалы жоқ болатын. Айталық Жарас Ахметов деген жазушы болды. Сол кездің өзінде «Гүлшат» деген әжептәуір повестер жинағы жарыққа шыққан, республиканың әдеби өмірінде оң баға алған прозаик. Осы ағамызбен бірге бірнеше рет сапарлас болып аудандарды аралағаным бар. Сондағы бұл кісінің жазу стилінен көп нәрсе үйрендім. Біртіндеп жақсы әңгіме жазуыма да септігі тиді. Дүниеден ертерек озды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Халық мұңын күй қылған

Оразаухан Ізбасаров, Мұхтасын Сухан­ бердиев, Сәдуақас Байтауов, Ыбырай Сү­йінұлы, Закария Исағұлов, Хамидолла Қы­дыров, Айтқали Нәріков, Темірхан Медетбек, Сайын Әділханов, Әбілқайыр Спан, Эрнест Төреханов, Сәндібек Әлібеков, Өтеген Орал­баев, Бегзаттар Дінәсілов, Сәшкен Кебісбае­ва, Әнуар Жәнібек, Әуез Бейсебаев, Жанат Нұрмаханова, Темір Мыңжас, Бірғали Байе­кеев, Қыдырбай Тұрмағанбет, Болат Үмбет, Мұрат Әбуов, Әбдіғалым Сәркенов, Айсағали Қыдыр, Гүлнар Науырша, Хабидолла Ма­хутов, Айнахан Есет, Зәкіржан Кәлкенбаев, Мұрат Жетекбай, Валентина Қозыбақо­ва, Еркеш Нәрембаева, Үміт Жәлеке, Анар Шамшадинова, Бейбіт Нұрсейіт, Сәби Майемеров пен  Талант  Құсайынның  (атта­ры аталмай қалған кейбір  әріптестерім болса ғапу  өтінемін) «Коммунистік жол» – «Маңғыстауға» бір кісідей маңдай тері сіңді. Түлеген түбегіміздің ой­-қырын шар­лап, еңбек адамдары мен қоғамдағы түрлі мәселелер турасында толғақты ой қозғаған, облыстың әлеуметтік-­экономикалық ахуалы мен Елбасының, Үкіметіміздің сындарлы сая­сатын жүргізуде тер төккен тарландар – олар!

Алдыңғы буын аға-­апаларының жанкешті еңбек жолын жалғастырған ізбасар буынның да еңбегі елеуге тұрарлық. Газетттің жауапты хатшысы Лейла Мұратова, секретариат қыз­меткерлері Жұмагүл Абыланова мен Шынар Теңізбайдың газет безендірудегі ізденіс­тері құптарлық. Жас та болса жалынды да дарынды тілшілеріміз Фарида Мұңалқызы, Ханым Қуат, Венера Мирлан, Голрох Же­меней, Жайық Нағымаш, Зухра Әбдісат­тар, корректорлар Жұпар Досатова мен Гүлфарида Қортабаеваның, жүргізуші Бекзат Есболаевтың да облыстық мемлекеттік ба­сылымды сапалы әрі уақытылы шығарудағы ерен еңбегін атап өту ләзім.

Құрметті ағайын! Газет – билік пен оқыр­ман арасындағы алтын көпір іспеттес. Әри­не, бүгінгідей күрделі нарық жағдайында құрамына облыстың бас басылымы «Маң­ғыстау» газеті де кіретін «Маңғыстау­-Медиа» (директоры – журналист Сағындық Рзахме­тов) сияқты үлкен ұжымға ел басқарған аза­маттар, облыстық ішкі саясат басқармасы, басқа да мүдделес,  мақсаттас  басқарма­лар мен департаменттер, кәсіпорындар мен бизнес­құрылымдар, меценаттар тарапы­нан қолдау, көмек, екіжақты тиімді келі­сім­-шарттар қажет деп ойлаймыз. Өйткені біз егемен еліміздің, Ұлт Көшбасшысының ұлттық­мемлекеттік саясатын жүргіземіз. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұлы Әуезов айтқандай, өскелең ұрпақтың бойы­на отаншылдық, ұлтжандылық, тектілік, ата дәстүрге негізделген салт­-сана, таным­-тү­сінікті сіңіруге барынша жұмыстанып ке­леміз. Баспасөз – келелі істердің ұйытқысы, ұйымдастырушысы, насихатшысы, елдің бір­лігі мен баянды болашағының жаршысы!

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» сын­ды заманауи  мақаласы алда тұрған міндеттердің тым ауқымды екендігін бекем­дей түседі. Рухани түлеу, рухани өсу, заманға, бәсекелестікке сай болу, қара бастың қамын емес, елдің кемел келешегін көксеу, осы жол­да жан аямай күресу тәрізді ұлағатты міндет­терді жүзеге асыруда облыстық «Маңғыстау» газеті де әрдайым алғы шептерден көріне бермек.  Өйткені  біздің  мақсатымыз  бір:  ол – Тәуелсіз Қазақстанымызды нығайта оты­рып, баяғы көктүріктер заманынан ұранға айналған «Мәңгілік елге» айналдыру!

«Маңғыстау» газетінің 45 жылдығы бар­шамызға құтты болсын, сергек көңілді сезім­тал оқырман қауым!

Ғалым ӘРІП,
бас редактор, ҚР Мәдениет қайраткері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз