Келешекте Отпан таудың басында бүкіл түркі жұрты жиналады, деп сенім білдірді өңір басшысы Е.Тоғжанов. Бұл туралы ол Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Биыл «Отпан тау – рухани дәстүріміздің негізі» атты тақырыпта Амал мерекесі республикалық деңгейде тойланды. Шараға еліміздің 9 облысынан тарихи-мәдени кешендерінің шырақшылары келді, көпшіліктің қатысуымен «бірлік» оты жағылды. Биыл көрісу күнін бүкіл республика болып тойласақ, келешекте Отпан таудың басында бүкіл түркі жұрты бас қосатын болады. Сөйтіп тарихи маңызды кешенде игі дәстүр жалғасын таппақ», — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Амал мерекесінде өткен шараларға барлық аймақтан арнайы қонақтар шақырылып, тамашалады.

— Келесі жылы халықаралық дәрежеде өткізуге дайындықты қазірден бастаймыз. «Отпан» тарихи мәдени кешеніне қазақтың үш биіне ескерткіш орнаттық. Қазақ билеріне бірінші рет далада ескерткіш орнатылды. Ескерткішті қоюдағы мақсат – дала билерін дәріптеп, ел бірлігін насихаттау», — деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында 19 жер асты мешіті  бар. Әкімнің айтуынша, мұндай тарихы терең киелі орындар бір де бір жерде жоқ.

— Шетелден келген туристер Каспий теңізіне емес, алдымен киелі орындарға саяхат жасағанды қалайды. Бір Үстірттің, Бозжыраның өзі неге тұрады? Кеше ғана 7 мемлекеттен 270 турист келіп, 10 күн бойы Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата сияқты киелі мекендерге табан тіреді, — деді ол.

Айгүл ДӘДЕН
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз