Бүгінгі таңда қант диабеті мен семіздік сияқты аурулар ересектерді былай қойғанның өзінде балалар арасында белең алуда. Бұл жағдай медицина саласының мамандарын алаңдатып отыр. Мәселен, жыл басынан бері аймақта 91 бала қант диабеті кеселімен тіркеліп, ем алған. Оның ішінде қант диабеті ауруы 13 балада алғаш рет анықталған. Өткен жылдың дәл осы кезеңіндегі жағдай 67 болатын. Аурудың артуы көбінесе тұқым қуалаушылық, вирустар шақыратын балалардың жұқпалы аурулары, артық салмаққа және май басуға, дұрыс тамақтанбауға, дене белсенділігінің жеткілікті болмауына байланысты болып отыр. Бұл жайында Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, дәрігер-эндокринолог Әлия Ешимова мәлімдеді.

— Бүгінде балалар арасында бірінші типтегі қан диабеті көбейіп отыр. Бұл кесел жас таңдамайды. Тіптен алты айлық балалар арасында да аталмыш ауру кездесіп отыр. Балаларда көбінесе инсулинге тәуелді түрі кездеседі. Қантты диабеті – ұйқы безінің бета клеткаларының инсулинді аз мөлшерде шығаруына байланысты зат алмасуының, әсіресе көмірсулар алмасуының бұзылуымен сипатталатын созылмалы ішкі секреция безінің ауруы. Яғни, ағзада инсулин гармонының жетіспеушілігінен немесе сапасыздығынан болады. Ағзадағы инсулин қалыпты жағдайда көмірсуларының алмасуын, қанттардың сіңірілуін реттейді. Диабетпен барлық жастағы балалар ауырады, соның ішінде 5-13 жас аралығындағы балаларда бұл кесел жиірек байқалады. Басты  себептері: тұқым қуалаушылық, вирустар шақыратын балалардың жұқпалы аурулары, көмірсулар мен майларға бай, тәтті тағамдарды қалыптан тыс көп қолдану, — дейді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, дәрігер-эндокринолог Әлия Ешимова.

Дәрігердің айтуынша, қант диабетіне шалдыққан баланың ауыз қуысы құрғап, суға деген құмарлығы артады, түнде зәрінің тоқтамауы-диабеттің ең маңызды белгісі. Диабетпен ауыратын балалар сау балаларға қарағанда зәрді 2-4 ес көп шығарады, кіші дәреттегі қанттың мол болуынан балалардың іш киімдері крахмалданғандай қаудырлап тұрады. Көп жағдайларда диабетпен ауырғандар шөлдеп, тамаққа деген тәбеттің күрт артуымен байқалады.

— Қант диабетінің алғашқы белгілерінде бала салмақ жоғалта бастайды. Терісі құрғап, су іше беретін болады. Бала ағзасының 85%-ы сұйықтықтан тұратын болса, қанша су ішсе де, бала су жоғалта бастайды. Көп жағдайларда ата-аналар балалары қант диабетімен ауыратынын естігенде, инсулин салдыруға қарсылық танытып жатады. Кейін баланың ауруы асқынған кезде  келісімін береді. Қант диабетінің емі-дүниежүзілік стандарт бойынша инсулин. Оны алмаған жағдайда баланың халі нашарлап, комаға әкеліп соғады. Ауруды емдемесе, кейін баланы жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан да ата-анасымен психолог мамандар сөйлесіп, біз ауру жайында ақпарат беріп, түсіндіреміз. Қант диабетімен ауыратын балаларға жергілікті емханалардан инсулин мен қандағы глюкозаны тексеретін глюкометр аспабы тегін беріледі. Балаға инсулинді қалай салады, қандағы глюкозаны қалай тексеретінін ата-аналарға көрсетіп, үйретеміз. Және ауруды ауыздықтау үшін тамақтану тәртібін сақтап, ата-ана баланың ішіп-жемін қадағалап отыруы керектігін айтамыз. Ата-аналар балаларына көңіл бөліп, дене жаттығуларын жасатып, фаст-фуд өнімдерін жемеуін, газдалған сусындарды ішпеуін қатаң қадағалағаны жөн, — дейді дәрігер-эндокринолог Әлия Ешимова.

11 жастағы бейнеулік Арман Абыловтың қант диабетімен ауырып, ем алып жүргеніне биыл 2 жыл. Қазіргі таңда жасөспірім Маңғыстау облыстық балалар  ауруханасында кезекті емін алып жатыр.

— Немерем Арман 2016 жылдың көктемінде қатаң ауырып, талып қалды. Баламыздың қант диабетімен ауыратынын сол кезде білдік. Облыс орталығына санавиациямен алып келді. Осы жердегі білікті дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, баламыздың беті бері қарады. Қазір жағдайы жақсы. Алты ай сайын осында келіп, тексеріліп, емімізді алып тұрамыз. Жасым 70-ке келсе де, өзім ешқашан қант диабетімен ауырып көрген жоқпын. Сондықтан немеремнің ауырғанын көргенде қатты уайымдадым. Енді немерелерімнің жеген тамақтарын қадағалап отыратын болдым. Сабақтан бос уақыттарында далаға шығарып, дене жаттығуларын жасатамын, — дейді бейнеулік ақсақал Абыл Қалжанұлы.

Венера МИРЛАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз