Кеше қасиетті қазақ жерін татулықтың тал бесігі етіп, бейбітшілікке бөлеген Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясы «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» күн тәртібімен өтті.
Бірлігі берекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс несібесі мол болмақ. Бұл сессияның да ел ынтымағын мерекелейтін 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында өтуінің де маңыздылығы осында болса керек.
Елбасы: «Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде алдымен қазаққа керек. Ассамблеяның ең басты міндеті — еліміздегі қоғамдық келісім. Ал ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана», — деген болатын. Расында да, кешегі өткен сессияда Елбасы баяндамасын тыңдай отырып, білім, тіл, діл, қоғам, ел, жер туралы пікірлер мен көтерілген мәселелердің сан тарау екеніне куә болдық. Әсіресе, бүгінгі таңда жер сатылуы туралы ел арасындағы айтылып жүрген әртүрлі пікірлерге нақты жауап берілді деп ойлаймын. Онда Елбасы: «Қазақ жерін шетелдіктерге сату мәселесі талқыланбайды да. Соңғы уақытта шетелдіктерге Қазақстанның жері сатылмақ деген жалған ақпараттардың үздіксіз жариялануынан жер мәселесіне қатты назар аударылып отыр. Бірнеше мәрте түсіндірілді. Мен де бұл шындыққа сәйкес келмейтіндігін айттым. Тағы бір мәрте айтқым келеді. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен компанияларға сату мәселесі тұрған жоқ және талқыланбайды да!», — деді. Сонымен бірге, қазақ жері-нің шекарасын шегендеуде атқарылған үлкен жұмыстарды атап көрсетті. Бұл пікір менің де көкейіме қона кетті. Ел арасының тыныштығы, татулық қана бейбітшілік ұстанымы болуы тиіс. Ел бірлігі мерекесі құтты болсын, жаңаөзендіктер!

Байбазар ЕРБАҚЫ
қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз