«Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды. Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция
жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауынан

Күнделікті тұрмыста тұтынудан қалған түрлі (тамақ, қағаз, пластик және тағы басқалары) қалдықтарды бір қалтаға салып, қоқыс жәшігіне тастап кете барамыз. Қоқыс жәшігінің ішіне тасталса бір сәрі, таяқ тастам жерге төгуге ерініп, далаға қойып кететіндерді қайтерсіз?! Бұл – күнбе күн көз алдымызда қайталанып жатқан тірлік. Ауылда ше? Қолында малы бар ауылдағы ағайын тысқа төгілетін қалдықтарды бөліп, жуындыны малға деп, қалған-құтқанын қоқысқа тастайды. Кейбірі кішігірім істі атқаруға, тұрмыстық қалдықты тиісті жәшікке төгуге қиынсынады. Тазалық сақтау мәдениетіміздің деңгейін алысқа ұзамай-ақ айналамызды бір шолып шығып, байқауға болады. Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, аймақта өткен жылы 127 875 тонна тұрмыстық қатты қалдық полигондарға жеткізілсе, оның 17 595 тоннасы ғана қайта өңделген екен. Бүгінде ауылдың ажарын аздырып, шаһардың шырайын бұзып, көшенің көркін кетіріп қана қоймай, экологиямызға залал, адам өміріне қауіп төндіретін қалдықтарды өңдеу мәселесі біздің өңірімізде де өзекті.

Иә, адамзат баласының алдындағы көкейтесті мәселенің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды  жою, сұрыптау, қайта өңдеу мен кәдеге жарату. Еліміздің «жасыл экономикаға» көшу жөнін­дегі тұжырымдамасына сәйкес 2050 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды 50 пайызға дейін өңдеуге қол жеткізуіміз керек. Бұл бағытта біздің өңірімізде қандай жұ­мыстар жасалып жатыр? Бұл сауалымызға жауап іздеп көрелік…

Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және таби­ғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбековтің айтуынша, өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды иге­руге халықтың тығыздығының төмендігі, елді мекендердің бір­-бірінен және облыс ор­талығынан қашықтығы, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін технологияның жолға қойылмауы кедергі болып отыр.

Қазіргі уақытта қалдықтарды игеру – да­мушы елдерде басты мәселе. Дамыған мем­лекеттерде қатты қалдықтар түріне қарай бөлек жиналып, қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Маңғыстау облысындағы халықтың 89,9%-­ы санитарлық талаптарға сәйкес по­лигондар бар ірі елді мекендерде қоныстан­ған. Өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды сақтаудың негізгі орындары – көму по­лигондары. Қалдықтар ауылдарда арнайы белгіленген орындарда жинақталады. Тұты­ну қалдықтарын көму полигондары Ақтау, Жаңаөзен, Форт­-Шевченко қалаларында, Бейнеу, Құрық, Жетібай, Шетпе ауылдарын­ да және Қаламқас кенорын­дарында орналасқан, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас­шысы Д.Құсбеков.

Біздің облысымызда тұр­мыстық қатты қалдықтарды өңдеу ісімен Жаңаөзен қа­ласында 3 жылдан астам уа­қыт бұрын ашылған тұрмыс­тық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және көму комбинаты ғана айналысады.

Мұнайшылар қаласының солтүстік батыс беткейін­де орналасқан комбинаттың жылдық қуаты 50 мың тон­наны немесе 300 мың текше метрді құрайды. Мұнда күніне Жаңаөзен қаласынан, Теңге, Қызылсай, Рахат ауылдары­нан және Қарақия ауданына қарасты Құланды ауылынан жиналған 120 – 150 тонна қал­дық жеткізіледі. Өткен жы­лы мұнайшылар қаласынан шығатын тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі күні­не 110 тонна шамасында болыпты. Өндіріс орнындағы құрал­-жабдықтар мен жұмыс­шылардың күшімен қалдықтар сұрыпталып, іріктеліп, 7 түрге бөлінеді. Мәселен, қал­дықтар пластик құтылар, пакеттер, маталар, қағаздар, шөлмектер, консерві ыдыстар және тетрапакеттер болып бөлінеді.

— Біз пластик құтылар мен макулатураларды престеп, дайындап қоямыз. Шамамен айына әрқайсысынан 15 тоннадай шығады. Бұл ши­кізат көздеріне кәсіпкерлерден сұраныс жоғары. Жан­-жақтан кәсіпкерлер келіп, қайта өң­деу үшін сатып алып кетеді. Пластиктер мен пакет­терді жергілікті өнімдермен қайта өңдеп, құрылысқа қажетті қырлы кеспе (брусчатка), жиектас (бордюр), жабынқыш (үйдің төбесін жа­батын жұқа қыш) шығарамыз. Айына 250 шаршы метр көлемінде шығаратын бұл өнімдерімізді құрылыс материалдарын сата­тын кәсіпкерлер алады. Бүгінде өнімдер қала көшелерінің, аялдамалардың безендірілуі­не жиі қолданылып жүр. Қалған қалдық түрлерін де өңдеу үшін Алматы қаласынан сұраныс болғанымен кәсіпкерлер үшін тасымалдау бағасы қымбатқа түседі, – деді Сәрсенбай Тасболатұлы.

Оның айтуынша, бүгінде келісім­ шарт бойынша Жаңаөзен қаласының басын­дағы 44 мекеме тұрмыстық қатты қалдықта­рын осы комбинатқа жөнелтеді. Өткен жылы бұл өндіріс орнына 44 мың тонна қалдық жеткізіліп, оның 17%­-ы қайта өңделсе, қалған бөлігі өндіріс орнының жанындағы поли­гонға көмілген. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 9 мың 400 тонна қалдық әкелінсе, оның 10%-­ы қайта өңделген. Естеріңізде бол­са, Алматы қаласында жыл басында өткен бизнес-­форумда Қазақстанның экологиялық ұйымдары басқармасының басшысы Айгүл Соловьева елімізде бүгінде қалдықтардың 5 пайызының ғана өңделетінін хабарлады. Ма­мандар үйлердің жанына әртүрлі секциялары бар қоқыс жәшіктерін орнатуды, тұрғындар алдын ала үйінен бөліп алып шыққан қо­қыстарды бөліп салу туралы ұсыныс білдірді.

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы №212 Эколо­гиялық кодексінің 324 ­бабында 2019 жылдан бастап пластмасса, пластика, полиэтилен қалдықтары, полиэтилентереф­ талат орамасы, макулатура, картон және қағаз қалдықтары және шыны сынықтарын полигондардың қабылдауына тыйым салына­ды делінген.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­масының тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату және өңдеу бағытындағы жұмысының нәтижесінде «Glocal Ecosort» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қа­ражаты есебінен Ақтау қаласы мен Мұ­найлы ауданында жиналған қалдықтарды полигонға тастамай сұрыптап, қайта өңдеу ісі қолға алыныпты. Аталған басқарманың мә­ліметінше, бұл серіктестік қалдықтарды сұ­рыптайтын технологиялық желілерді орнату жұмыстарын жүргізуде. Осы жылдың мамыр айынан бастап тұрмыстық қатты қалдықтар­ды сұрыптау жұмыстарын бастамақ. Биыл күзде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған қондырғыларды орна­тып, қайта өңдеу арқылы құрылыс материал­дарын шығаруды жоспарлап отыр.

Өткен жылы Ақтау қаласында қалдық­тарды бөлек жинау үшін үйлердің жанына контейнер орнатқан «IT ProfService» ЖШС директоры Нұрия Бекниязовамен тілдескен едік.

— Біз қаланың барлық шағынаудандары­ на 200-­ге жуық торлы контейнер орнаттық. Ондағы мақсатымыз – пластиктер мен шыны ыдыстарды жинау. Жұмысшылар аптасына 2­3 мәрте қалдықтарды жинап алып кетеді. Аптасына шамамен 20 тоннадай осындай шикізат жиналады. Шикізаттарды Алматыға, Ресейге жөнелтеміз. Олар түрлі тұрмыстық тауарлар шығарып, нарыққа ұсынып отыр. Сұраныс жоғары болғандықтан Мұнайлы ауданынан арнайы қабылдау пунктін ашуды жоспарлап отырмыз. Қарақия ауданынан да осындай пункт ашу туралы ұсыныс түсті. Халықтан пластик пен шыны ыдыстарды сатып аламыз. Алдағы уақытта өзіміз қайта өңдеп, өнім шығарғымыз келеді, – деді ол.

Сонымен қатар «Каспий оперейтинг» ЖШС қалада құрғақ қалдықтарды (картон қораптары, пластик) жинақ­тау үшін жеке торлы контейнерлер орнату жұмысын бастады.

— Өңірлерде ауылдардың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Ақшұқыр, Таушық және Ақжігіт ауылдарында по­лигондарды салуға жобалық-­сметалық құ­жаттамасы әзірленді. Полигон құрылысына жергілікті бюджеттен қаржы бөлуге өтінім­дер беріліп жатыр. Маңғыстау ауданының Жыңғылды, Тұщықұдық, Шайыр ауыл­дарында, Қарақия ауданының Мұнайшы, Болашақ ауылдарында, Бейнеудің Боранқұл және Түпқараған ауданының Қызылөзен ауылдарында полигон құрылысының тех­никалық­-экономикалық негіздемесі жасалды. Әр үйден шыққан қалдықтар басынан дұрыс жиналып, қайта өңделетін шикізат ретінде құндылығы сақталуы тиіс. Қағаз өнімдері бүлініп, бөтелкелер жарылып, жарамсыз бо­лып, қоршаған ортаға зияны тимеуі қажет. Сондықтан қалдықтарды кәдеге жаратып, игілікке қолданатын инвесторлар іздеу, бұл іске кәсіпкерлерді тарту жұмысын күн тәртібінен түсірмей келеміз. Қоқыс жәшіктері Ақтау, Жаңаөзен қалаларында жеткілікті бол­са, аудан орталықтары мен ауылдарда тапшы. Кейбір шалғай ауылдарға қоқыс жәшіктері мүлде қойылмаған. Облыс әкімінің орынба­сары Руслан Кенесарыұлының тапсырмасы бойынша аудан әкімдері биылғы шілде айына дейін бұл олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. Жаңаөзен қаласындағы комбинаттың қуаттылығын арттыру, қоқыс қабылдайтын жылжымалы қабылдау пункттерін ашу және тағы да басқа жоспарларымыз бар, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ет дегенде бет бар ма?

Әлемдегі тәжірибелерге сүйенсек, Фран­ция, Жапония, Қытай сынды «жасыл эконо­мика» қағидаттарын ұстанған мемлекеттерде тұрмыстық қалдықтар – табыс көзі. Бұл ел­дерде үйіліп жатқан қоқыс үйінділерінен түр­лі бұйымдар шығарылып, күнделікті тұрмыс­қа қажетті өнімдер төрткүл дүниеге таралады. Жаһандану жайлаған қоғамда табиғи ресурс­тар азайып, қоршаған орта ластанғандықтан адамзат үшін «жасыл экономикаға» көшу міндетті болып отыр. Қоқыс – адамзат бар­ да таусылмайтын қор. Осы шикізат көзін тиімді пайдаланып, ұқсата білу, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру – сіз бен біздің міндетіміз.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз