Қаңтардың 15-інде КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мұнайшы, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы, белгілі жазушы, ақын  Рахмет Өтесіновтің туғанына 90 жыл толды.

Абзал азамат, қоғам қайраткері, атақты тұлғаның мерейлі асын аяулы жары Сақыш Қарабалина мен ұл-қыздары, немерелері, туған-туыстары мен сыйлас іні-қарындас, ізбасар әріптестері Астана қаласындағы «Сәтті» мейрамханасында атап өтті. Мерейлі жиынға маңғыстаулық бір топ мұнайшылар мен құрмет тұтатын іні-қарындастары да қатысып қайтты.

Рахаңның ғұмырбаянында 15 деген санның киелі орны бар. Ол 1927 жылдың Атырау облысының Қызылқоға ауданынына қарасты Қарабау деген жерінде дүние есігін ашқан. 1961 жылы 15 желтоқсанда Өзеннің тұңғыш мұнай бұрқағы атты. 1964 жылғы шілденің 15-і күні «Өзенмұнай» мекемесі басшылығына тағайындалды.

Өзін «Өзендік Өтесінов» санап, өмірінің соңына дейін Өзен туралы әрбір жағымды жаңалыққа құлақ түріп, қуанып өткен Рахмет Өтесінұлы 2011 жылы қаңтардың 8-інде Алматы қаласында дүниеден озды.

Өз өтініші бойынша марқұмға қасиетті Маңғыстау топырағы бұйырып, Қошқар ата қауымындағы ата-анасының жанынан мәңгіге тыныс тапты.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз