Биыл Өзен жылы десек, Өзен өлке тұрғындары ғана емес, тұтас қазақ елі қадірлеуге лайық қала. Қазақ халқының тарихында елеулі орны бар өндіріс орны және қазақтың рухын асқақтатқан батыр қала.

Өзен туралы көп жазылды, соның ішінде өзі іргетасын қалап, алғашқы мұнай эшелонын жөнелткен, тағдырлы тұлға Рахмет Өтесіновтің «Айтылмаған ән» (1978), «Алыптың ашылуы» (1982), «Даладағы алау» (1983) Өзен тақырыбына арналған көркем шығармаларының орны ерекше.

Өзенді Рахаңша жырлаған, Рахаңша жақсы көрген кісі сирек. Оның: «Өзегімді жарып шыққан Өзенім!» деген тебіреніске толы жан сезімі Өзен қаласы туралы жазылған әрбір жолдарынан менмұндалап, танылып тұрады.

Өзен — Рахаңның өмір бақи жетістігіне жаны жадырап қуанған, қиындығына жүрегі сыздап қапаланған, көзі жұмылғанша сарғая сағынған мекені.

Өзенді Өзен еткен жалғыз Рахаң десек, шындықтан шалғай кеткен болар едік. Қаланы салушылар мен мұнай барлаушылар, өндірушілер арасында Өзенді аяғына тік тұрғызғандар қатары мыңдап саналады, бірақ Өзенге өз өмірін арнағандар саусақпен санарлық. Сол қысқа тізімнің басында Рахаң тұр.

Жаңаөзеннің 50 жылдық мерекесі қарсаңында оқырманмен көптен ойымда жүрген бір пікірмен бөлісуді жөн көрдім. Өзендегі Рахмет Өтесінов тұрған екі қабатты үйді оның мұражайына айналдырса, мұнайлы қала үшін көптік етпейді деп ойлаймын. Рахаң секілді қазақтың қайраткер ұлы, қажырлы қаламгерінің өмірі мен шығармашылығы өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі болатынына сенімдімін және қаланың 50 жылдық тарихындағы игі шаралардың бірі, әрі қазақтың мұнайы мен рухани әлеміне бірдей еңбек сіңірген аяулы тұлғаның атына қойған бір ескерткіш болар еді.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз