Кеше Маңғыстау облысы әкімдігінде аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде цифрландыру, тариф құны, апаттық үйлердің жағдайы, кеден және салық қызметін жетілдіру, ауыл шаруашылығы, арнайы экономикалық аймақты дамыту, жол, медициналық сақтандыру, рухани жаңғыру туралы мәселелер қаралды. Жиынға Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық басқарма мен мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн байланысқа қосылды.

Маңғыстау облысы әкімі Ералы Лұқпанұлы Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткен жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау өңірі республика бойынша алдыңғы қатардан көрінгенін айтып, осы бағытта еңбек еткен жұртшылыққа алғысын білдірді.

Цифрландыруға қадам

Жиында цифрландыру кеңсесінің менеджері Роман Телманұлы «Цифрлы Қазақстан 2018 – 2022» жылдары бағдарламасы аясында білім және денсаулық сақтау саласында жүзеге асатын жұмыстарды баяндады.

– Денсаулық сақтау саласында компьютермен қамту 96,5%-ды құрайды. Интернетке қолжетімділік – 95,6 %. Кешенді медициналық ақпараттық жүйемен қамту – 96,3 %. Интернет, телефон, ұялы байланыс жүйесінде Маңғыстау ауданындағы Боздақ, Бекі ауылдарында мәселе бар. Осы жылы медициналық мекемелерді ақпараттық жүйемен қамтуды, компьютермен және интернетке қосуды 100 %-ға жеткізіп,  еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасын электронды форматқа ауыстыру және «Электронды үкімет» порталы арқылы алуға қол жеткіземіз, – деді ол.

Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов Боздақ пен Бекі ауылдарындағы мәселені осы жылдың 1 мамырына дейін шешуді міндеттеді. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғатбек Бапиевке компьютермен қамту, интернетке қолжетімділікпен және медициналық мекемелерді ақпараттық жүйемен қамтуды 100%-ға жеткізуді тапсырды. Аймақ басшысы орынбасары Руслан Сакеевке облыста қанша тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінгенін, қанша науқас ауруынан айыққанын анықтап, дерті асқынған жандар болса олар туралы мәлімет дайындауды жүктеді.

Аппарат мәжілісінде цифрландыру кеңсесінің менеджері Роман Телманұлы білім саласын цирфландыру бағытында мобильді қосымша жасалғандығын, бүгінде Маңғыстау облысында 5 мыңнан аса тұрғын қолданатынын жеткізді. Өңірде Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау аудандарын кеңжолақты интернетпен қамту қажеттілігін айтты. Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірованың айтуынша, облыстағы білім беру мекемелері 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етілгенімен жаңартуды талап етеді. Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов интернет мәселесі 1 наурызға дейін, Қарақия ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қыдырберді Беков 1 қыркүйекке дейін шешілетінін хабарлады.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыс әкімдігі жанынан цирфландырумен айналысатын бөлім құруды тапсырды.

Тариф құны туралы…

Жиында Маңғыстау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жетекшісінің орынбасары Мәлік Әбдіқадыров аймақта энергия тарататын 15 мекеме бар екенін жеткізді.

Аппарат мәжілісінде электр энергиясын беру және тарату қызметімен айналысып отырған «МЭБК» АҚ аудандарға килоВаты сағатына 2,93 теңгеден, «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК қалаға 3,16 теңгеден жеткізілетіні айтылды.

Маңғыстау облысы әкімі аталған мекемелердің жұмысын сынға алып, жақын жердегі қаладағы тариф құны шалғайдағы ауылдардың тариф бағасынан неге қымбат екенін сұрады. Өмірзақ ауылына екі мекеме де электр энергиясын беру және таратумен айналысып отырғанын сынға алды. Аталған екі мекемеге қатысты мәселе «Нұр Отан» партиясының өңірлік филиалында және қоғамдық кеңесте талқылануы қажеттігін тапсырды.

Өнеркәсіптік аймақтың адымы

Аппарат мәжілісінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқармасының төрағасы Бауыржан Қайратов биыл өнеркәсіптік аймақта 5 жоба жүзеге асатынын хабарлады. Атап айтсақ, полимер, құрыш болат өнімдері, калий сульфаты, тұзды қышқыл және кальций хлоридін өндіретін және тағы да басқан отандық тауарлар шығаратын зауыттар іске қосылады. Бүгінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының» №3 бөлігінің 80%, №1 аймағының 40% мақсатты қолданыста.

Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов жауапты басшыларға бос жатқан жерлерге өндіріс орындарын салу, инвесторлар тарту мақсатында нақты жоспар жасауды тапсырды. Аймақтан жер алып, осы күнге дейін пайдаланылмай отырған жерлерді қайтаруды жүктеді.

Жолдар жөнге келеді

Маңғыстау облысы әкімі республикалық деңгейдегі жолдар жөнделіп жатқанын айтып, алда ауыл жолдарының сапасын жақсарту міндеті тұрғанын жеткізді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Табжановтың хабарлауынша, осы жылы Шетпе-Қызан бағытындағы жолының 49-85 шақырымы жөнделеді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Газеттің интернет-сайтының дамуы тиражға қалай ықпал етеді

– Сонымен қатар орташа жөндеу Шетпе-Үштаған жолының 54 шақырымын жөндеуге биыл 992 млн. теңге бөлінеді. Тұщықұдық ауылына кірме жолға  559 млн. теңге бөлініп, 29 шақырымы жөнделеді. Ақтау-Форт-Қаламқас бағытындағы жолдың 88-154 шақырым жөндеуден өтеді, – деді аталған басқарма басшысының орынбасары Дәурен Жұмаханұлы.

Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы барлық әкімдерге 3 ай ішінде жолдарды жөндеуге уақытында жобалық-сметалық құжаттама жасақтауды тапсырды. Бұл тапсырма уақытында орындалмаса, қаржы бөлінбейтінін қатаң ескертті.

Жаңа жүйемен жұмыс  

Жиында Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Бисен Қожахметов кедендік транзит шеңберінде «Астана-1» кедендік және салықтық әкімшілендірудің автоматтандырылған жүйесімен жұмыс жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Биыл жыл басында бұл мекемеде цифрландыру деңгейі 99,8 %-ға жеткен. Құрық портында бұрын тәулікке созылған кедендік рәсімдеу 24 сағаттан 4 сағатқа қысқарғанын атап өтті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл  бұл салада цирфландыру 1  маусымнан басталатынын хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өндіріс пен экспорт көлемін арттыруға жұмыстануды тапсырып, кооперативтердің жұмысын жандандыруды жүктеді. Маңғыстау облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ филиалының директоры Руслан Бектубаев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз