Ауыл шаруашылық саласы аса күрделі, ауа-райына басыбайлы тәуелді. Кейбір өзекті мәселелері қордаланып қалғанымен, әрбір мемлекеттің байлығы мен қауіпсіздігінің кепілі мен негізі. Расында, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында жұмыс өте көп. Ауыл шаруашылық өндірісін дамыту, оның көлемін ұлғайту, алынған өнімді қайта өңдеп, дайын тауар күйінде шығару өзекті болып отырғаны анық. Алынған өнімді экспортқа шығару экономиканың алға жылжуына өз үлесін қосады. Аталған саладағы жұмыстарды игере отырып, халықты жұмыспен қамтамасыз етілуіне де ықпалын тигізбек. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына субсидия беру жылдан жылға артып келеді. Соның ішінде малды бордақылау, ет өнімдері мен сүт өнімдерін алуға тіпті балыққа берілетін азыққа да субсидия беріліп жатыр. Қазір ауыл шаруашылығына субсидияның 56 түрі, несиенің 26 түрі қарастырылған.

Жуырда Маңғыстауға Сенат депутаты, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясының төрағасы Әли Бекетаев келді. Сенатор ауылшаруашылық саласының тыныс-тіршілігімен танысты. Біз де бірге барып, сенатордың берген бағасына куә болдық.

Алдымен Ақшұқыр ауылындағы бекіре өсіріп, өндіретін зауытқа бағыт алдық. Сенат депутаты ондағы бекірелердің жай-күйімен жақын танысты. Аталған кәсіпорын жылына 60 тонна бекіре балық етін өндіруді жоспарлауда.

Сонымен қатар сенатор Сайын-Шапағатов ауылындағы «Asia Milk» фермасына да барып қайтты. Ондағы іс барысының қалай атқарылатынына көзіміз жетті. Зауыттың бас инженер-технологі Гүлбаршын Исханова кәсіпорынның құрылғылары мен өнімдері жайлы кеңінен баяндап берді. Зауыт соңғы инновациялық технологиялармен толық жабдықталған. Жұмыс жасап жатқанына аз уақыт болса да, нәтижесін беріп те үлгеріпті. Зауытта 15 түрлі сүт өнімдері шығарылады. Өндірісте 35 адам жұмыс атқаруда. Зауытта түйе өндірістерімен келісім шарттар жасалып, алдағы уақытта түйе сүтінен өнім шығару жоспарланып жатыр.

— Экономиканың түрлі бағытын дамыта түсуіміз керек. Маңғыстаудың ауа-райы басқа өңірмен салыстырғанда ауырлау. Сонда да ауыл шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Соның ішінде мал шаруашылығының азығын дамыту, сол арқылы мал өнімдерінің дайын өнім шығару мәселесі төңірегінде көптеген жұмыс атқаруға болады. Осы зауыт сүт өнімдерінен күні ертең болашақта түйе сүтінен алатын өнімдерді қайта өңдеп халыққа қажетті тауарларды шығарады. Инновациялық технологиялармен жабдықталған кәсіпорындар көбейсе, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы да шешімін табады, — деді сенатор Әли Бекетаев.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда тоқыма зауыты салынады

Зауыттан шығарылған тауарлардың сапасының жоғары екендігін тілге тиек еткен зауыт қызметкерлері өнімдерден ауыз тиюге шақырды. Кәсіорында сүт, био айран, пастерленген түйе сүті, ірімшік, қаймақ, құрт , иогурт бәрі де бар. Сенатор дәмін татып, оң бағасын берді.

— Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен ауыл шаруашылығы саласында жасалып жатқан жұмыстар оңды бастамаларға толы. Көптеген жобалармен таныстым. Маңғыстаудағы халықты ауыл шаруашылығы жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндіктерге жол ашылып отыр. Ол үшін мемлекеттен беріліп жатқан көмек те  аз емес,-деді сенатор Әли Бекетаев. Айта кетелік, тәулігіне 50 тонна өндіріс қуаты бар зауыт өнімдері Атырау облысы мен  Бейнеу ауданына жол тартқан екен.

Зухра ӘБДІЛ-САТТАР
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз