Сынақ деп бізге берілген бес күн тірлікте әрбір пенде өзінің артына мұра немесе өшпес із қалдырып кетсем деп армандайды. Білуімізше оған жетер жол Ислам шариғатында жатыр. Соның бірі – имам Мүслимнен келген хадисте кездеседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері. Ал, қаланың өте жаман орындары – базарлары», – дейді. Мешіт – мұсылманның Жаратушысына құлшылық жасап, тәубеге келер, дана Абай айтқандай «қияметшіл дүниенің» кірінен тазарып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын қадірлі үйі. Ал, мешіттің қабырғасынан діни уағыз тыңдап, білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін – тәрбие ордасы.

Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған.
Осындай қадірлі істі маңғыстаулықтар үшін жер жәннәты саналатын Шайырдың топырағында дүниеге келіп, бүгінде кәсіпкерлік саласында облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ ел азаматтары Мұсабаев Самат, Дүйсенбеков Біржан, Нұржанов Дәулет, Бимырзаев Иса, Қосуақов Айбек, Жолдыбаев Асылбек, Біжікенов Қайролла атқарды. Ауыл тұрғындары мен жастарының бастамасын құптаған «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігі келісімімен Шайыр ауылында мешіт құрылысы өткен жылдың сәуірінде басталып, ауылдан шыққан аты аталған кәсіпкерлердің демеушілігімен, жекелеген азаматтардың қолдауымен құрылыс жұмыстары жуырда біткен болатын.

Сәрсенбінің сәтті күні сәскеге таман шайырлықтар ауылдың күншығыс бетінен бой көтерген күмбезі алыстан көз тартатын еңселі ауыл мешітінің ашылу салтанатына жиналды.

Бұл күні табиғаттың тамаша тартуы іспетті шырайлы ауылда екі бірдей темір сүйекті үй тігіліп, қазан асылып ұлан-асыр той өтті. Бір-біріне құтты болсын айтысып қаумалай жиналған жұртты аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің Маңғыстау облысы бойынша өкілі, «Орталық Бекет АТА» мешітінің бас имамы Смаил Сүйерқұлұлы құттықтап, мешіттің елдің берекесі мен бірлігін бекем етудегі артықшықтарын айтты.

Ауыл төріне Алланың жердегі үйін салуға еңбек еткен азаматтарға алғыс айтылып, құрмет көрсетілген соң сөз алған ауыл ақсақалы, ауданның Құрметті азаматы Тілегенов Санақбай: «мешіт ауыл жастарын имандылыққа, діни сауаттылыққа үйретіп, басқа діни ілімдердің жетегінде кетпеуіне, өзіміздің дәстүрлі діни бағытымызда тәлім-тәрбие беріп, білім нәрін беретін қасиетті орынға айналады деп үміттенеміз»,- дей келе, дін өкілдері мен осы іске оң көзқарас танытқан облыс, аудан, ауыл басшыларына тұрғындар атынан алғыс арнап, ақ батасын берді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан Қажы Малғажыұлының бұйрығымен Шайыр ауылдық мешітіне имам болып тағайындалған Адай Нәдір Мұхаммедоллаұлын көпшілікке таныстырған соң мешіттің лентасы қиылып қаумалаған көпшілік «Бисмилла» деп оң аяқтарымен мешіт табалдырығынан аттады. Екі рәкат намазға қатысқан жамағат Алла Тағаладан ел іргесінің бүтіндігін тілеп қол жайып, «амин» десті.

Ажарлы ауылға көрік қосқан мешіт құрылысының сәулеті келіскен, алыстан көз тартатын үлкенді-кішілі 3 күмбезі бар. Мешіт ғимараты ішінде құран оқитын, бала оқытатын, ерлер мен әйелдерге арналған намазхана, имам бөлмесі және шағын кітапхана орналасқан. Мешітке келіп Құдай жолына садақа таратам деушілер мен ауызашар беріп, Құрбан Айт мерекелерін өткізу кезінде қажетті қосымша құрылыстары да сақадай сай мешіт айналасы темір шарбақпен қоршалған.

Көпті қуантқан ғимараттың ашылу салтанатының ресми бөлімі аяқталған соң, дастархан басында қауышқан ағайын дүниеден қайтқан аруақтардың рухтарына «Құран» бағыштап, шын жүректерінен басына саулық, отбасына амандық, ел-жұртына тыныштық тілеп, шүкірлік айтып тарасты.

Мұсылман баласы дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені-. мешіттерді қай тұрғыдан алсақ та, әр пендеге жақсы ой мен ізгі амалдарды еске салатыны белгілі. Мешітке келген жамағат – Алланың қонағы. Алла Тағаланың пендесіне дұғада тілегенін беріп, құр қол қайтармайтынын ескерсек, мешіт жамағатының Жаратушы нұрына бөленері сөзсіз. Олай болса, ауыл ме¬шітінің жамағатқа толуы еліміздің мерейін, берекесін арттыратын амал екенін ескеріп, аядай ауылдағы Алла үйі имандылық пен бейбітшілік ордасына айналып, дәстүрлі дінімізді дәріптеуші жамағатқа толсын демекпіз.

 Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз