Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының ұйымдастыруымен Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен өлкенің мұнай-газ саласы геологтарына арналып салтанатты шара  өтті.

Жиынға компаниялардың ардагер-геологтарынан бастап жас мамандарына дейін қатысты. Сәуір айының алғашқы аптасындағы геологтардың кәсіби мерекелеріне арналып «скважинаның дәрігерлері» атанған қызмет иелеріне ерекше құрмет көрсетілді. Соның ішінде Қазақстан Республикасы мұнай және газ өнеркәсібі саласындағы жүргізген геологиялық ізденістері мен еліміздің геологиясына сіңірген ерен еңбегі үшін Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамының 2017 жылғы «Қазақстанның үздік-геологы белгісімен» бірқатар қызметкер марапатталды. Ал ең жоғарғы марапат — Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігінің «ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгісіне «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының игеру және геология жөніндегі орынбасары  Шолпан Пангереева ие болды. Сондай-ақ қажырлы еңбек иелері облыс әкімінің «Алғыс хатын» иеленді. Өзенмұнайгаздық геологтар Бақтыгүл Ысқақоваға Қазэнерджи қауымдастығының төс белгісі, Әлия Жолдасова, Айсұлу Өскімбаевалар «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Құрмет грамоталарымен, ал Рая Анкешова, Ғалия Дербезова, Талшын Қазғалиева, Жадыра Шырақбаева, Гүлбаршын Жалғасоваларға «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Алғыс хаты тапсырылды.

— Бірден екі өте жоғары марапатқа ие болу мен үшін күтпеген жағдай болды. Қуанышымда шек жоқ! Еңбектің бағаланғаны жұмысыңның жемісі деп білемін. Меніңше, бұл «Өзенмұнайгаз» АҚ барлық геологтарының тер төгіп, ерен еңбегінің арқасында келген жетістік деп есептеймін. Қазақстан Республикасының барлық геологтар қауымын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларына береке, жұмыстарына жетістіктер тілеймін! Алдағы уақытта да мемлекетіміздің игілігі жолында тынбай еңбек етемін. Алғысым шексіз! — деді Шолпан Пангереева.

Салтанатты жиын қонағы, ардагер-геолог Аманжан Өтесінов: «Адамды емдейтін дәрігер болса, скважинаны «емдейтін» — геолог. Сол қызметімізді қаншама жыл абыроймен атқардық. Қара жер қойнауын игеруге өзге мамандықтар қаншалықты керек болса, геологиялық жұмыстар да соншалықты қажет. Барлық әріптестерімді, ізбасарларымды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Еңбектеріне табыс тілеймін», — деді.

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаздар мереке иелеріне ән мен жырдан шашу шашты.

Геологтар мерекесінің екінші кезеңі «Кендірлі» демалыс аймағында жалғасты. Мұнда өткізілген ғылыми-конференцияға «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамдары, «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорны», «Карповский Серверный», «Урал Ойл энд Газ», «Қаражанбасмұнай», «Су өндіру және тасымалдау», «Қазақ газ өңдеу зауыты», «Өзенмұнайсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің геолог-мамандары қатысып, жердің қыртысы және ішкі қабаттары, олардың құрамы, құрылысы, қозғалысы, даму тарихы, орналасу заңдылықтары туралы баяндамалары мен слайдтарын ұсынып, қызу талқылады. Олар өздерінің алдында игерілмей жатқан кенорындарды өңдеу, байыту сияқты қиын міндеттер тұрғандығына тоқталып өтті.

Жиынға геология саласының дамуына, жоғары деңгейге көтерілуіне тер төккен ардагер-геологтарымыз да қатысып, өздерінің бай тәжірибелерімен бөлісті.

Бала кезімізде геолог десе, көзімізге балға мен жолдорба елестейтін. Қазіргі геологтар заманауи компьютерлік және ғарыштық технологиялармен жабдықталған кәсіп иесі.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қашаған кен орнынан 11,5 млн тонна мұнай экспортталды

Жиында сөз алған бас директордың транспорт және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі орынбасары Мақсат Ибағаров «Геолог мамандығын батылдар мен романтикаға бейім жандар таңдайды. Уақыт өткен сайын геология саласы да күрделене түсуде.  Сіздер сияқты білікті геологтардың жұмысқа деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде өзіңіз еңбек етіп жүрген кенорын мұнай қорының көлемін арттыру сияқты проблеманың оң шешім табатынына сенім білдіремін» — деді.

Барша геолог әріптестерімізді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, үлкен жетістіктер мен жаңа ашылулар тілейміз.

Бибігүл БӨБЕКБАЙ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз