Жылдан аса уақыт Қазақстан-Ақтау телеарнасында Бердіхан Әлменнің «Сөз бен саз» авторлық бағдарламасы жүріп жатқанын көзі қарақты көрермен біледі. Көптің асыға күтетін бұл бағдарламасының үш концерті осыған дейін облыс орталығында болса,  4-ші концерттік бағдарламасы Түпқараған ауданының төрінде өтті. Бұл «Сөз бен саздың» Түпқараған ауданының құрылғанына 25 жыл толу мерейтойына баға жетпес тартуы десе де болатындай.

Қазақтың ән мен сазға деген құштарлығы ешқашан бәсеңсіген емес. «Концерт болады, онда жергілікті сазгерлердің Түпқараған ауданына арнаған, Ақкетікке арнаған патриоттық әндері орындалатын болады» – дегенді естіген жұртшылық мәдениет үйінен табылды. Онымен қоса мұнда «Сөз бен сазда» орындалған әндердің авторлары, отбасы мүшелері және ұйымдастырушылар мен Маңғыстаудың танымал ақындары қонақ ретінде шақырылды.

Тарихы терең Қараған түбегінің Маңғыстаудың облыс болып қалыптасуына бірден бір үлкен септігі бар десек артық айтқандық емес. Ең алғашқы қала үлгісі де осында қалыптасып, ең бірінші тас қашалып, ақ тасынан құрылыс салынған, ең бірінші мұражай мен баспахана да, байланыс торабы да осыннан ашылған. Бұндай киелі мекенде өркениет пен мәдениеттің дамуы да заңдылық, онда поэзия мен сазға әуес азаматтардың болмауы да мүмкін емес. «Сөз бен саз» осыны тағы бір дәлелдеп берді. Бұл күні кеште Ақкетік тумалары – Тілеумұрат Қожабеков, Ибатолла Әбілқайыров, Ағзам Ыбыраев, Қойбас Жалбырұлы сынды дүниеден өткен авторлардың күйлері, саздары мен әндері орындалып, одан бөлек Есберген Іңірбайдың, Нағдбу Қамарова, Бірғали Байекеев, Роза Боқыш, Сағынғали Нұрғожаев, Фариза Оңғарсынова, Рза Оңғарбай, Ерекен Қорабаев, Айсырға Қилыбаева, Үміт Нұрмұханова, Айкүміс Досанова, Шынар Түйешиева, Медет Дүйсенов сынды ақындардың, Құлыбек Төлекбаев, Марат Сәулебай, Ибрагим Алтыбаев, Жалғас Кеңесов сынды сазгерлердің Түпқараған ауданына, Ақкетік қаласына арнаған саздары көңілден шықты. Бұл әндер тек қана ел, туған жер тақырыбын ғана қозғаған жоқ. Мысалыға айтар болсақ, « Теңізде жүр ғой алыптар, Елін сүйген қалыпта, Балықшы деген халық бар» деп кезінде Каспийдің балығын аулап, сол кездегі экономикаға үлес қосушы балықшыларды бір рухтандырса, Түпқараған құрылысшыларының маршы тас қашап, одан қала тұрғызған құрылысшыларға арналды. «Ақшұқыр», «Қызылөзен», «Шежіре қала», «Форт-Шевченко қаласы», «Ақкетік – бақ мекен», «Дәніспан тау» сынды әндерде аудан ерекшеліктері көрінді. «Болар ма еді әлдебір бақытсыздық, Түспесем жағаңа келіп тұрып» деп Каспийдің толқынынан шабыт ала шырқалған әндер көп болды. Ауданымыздың гимініндей болған «Түпқараған» әні 25 жылдық мерейтой аясында өткен кешті одан әрі әсерледі.

Тағы оқыңыздар: Құтқарушы — ер мінезді адамдарға арналған қызмет

Қорытындылау сәтінде «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының директоры, ақын Әнуар Бимағанбет: – Бір нәрсе анық – бүгінгі концертте шырқалған әндер осы ауданның жекеменшігі. Себебі әндерін де, саздарын да шығарған авторлар Маңғыстаудың, көбі Ақкетіктің азаматтары. Одан бөлек орындаушылар да Маңғыстаулықтар. Республикалық деңгейдегі концерттік бағдарламалардан аспаса, кем түспеді», – деген бағасын берді.  «Сөз бен саздың» аудандық сахналануы біздің ауданнан басталуы бір бөлек, жұртына өз перзенттерін танытып, еске алдырып, еңбектерін үлкен деңгейде елетіп кетті. Бұл кеш көрермендерінің көңілінде көпке дейін кетпейтіні аянбай соғылған ыстық шапалақтардан байқалып тұрды. Рухани жаңғырудың үлгісі де осы – халыққа өз құндылықтарын күн өте жарқырата, жаңғырта қайта қайтаруы.

Клара ҚАНСҰЛТАНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз