«Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген көнеден жеткен сөз бар. Ата-бабаларымыз бұл айға бекерден-бекер үміт артпаса керек-ті. Өйткені қаһарлы қыстан кейін жер аяғы кеңіп, көктемгі шаруаның қызу басталар шағы осы кезде қауырт істер де көбейеді. Соның бірі — ауыл тазалығы. Сәуір айының алғашқы күнінен бастап тазалықтың дәстүрлі екі айлығы белгіленді. Ал осы бағытта бүгінгі күні Маңғыстау ауданында атқаруға тиісті істер шаш етектен.

Маңғыстау ауданы әкімінің тапсырмасына сәйкес сенбі күн аудан бойынша кезектен тыс сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке ауданның, ауданға қарасты ауылдардан мекеме, кәсіпорын ұжымдары және жастар жұмыла қатысты.

Шетпенің кіре берісінде 100 түп қара тал және аудан әкімдігінің алдына 20 юка гүлі отырғызылды. Қызан ауылы бойынша «Балауса» балабақшасының ауласына 20 түп ағаш, Тұщықұдық ауылындағы орталық саябаққа, мекеме аулала­рына 15 түп терек және 70 дәне қыркүйек гүлі отырғызылды. Сенбіліктен Ақшымырау ауылының тұрғындары да қалыс қалмады. Тобанияз атындағы орта мектептің ауласына 30 түп қара тал отырғызылса, жыңғылдылықтар балабақша, мектеп айналасына 32 түп тал екті.

Ақтөбе селосының тұрғындары сенбілікке белсенділік та­нытты. Кейбір тұрғын үйлер бақшаларына жеміс ағаштарын, әкімшілік, балабақша, мәдениет үйі ғимараттарының шарбақтарына 120 түп ағаш, 12 түп арша, 15 шаршы метрге дейін гүлзарлар отырғызылып, ағаштарға су баратын салма­лар салынды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 436 мың қазақстандықтың табысы ең төменгі күнкөрістен төмен

Сондай­-ақ кезектен тыс сенбілікте Шетпедегі орталық саябақ, сквер, ардагерлер үйі, Жаңа Орпа, Шетпе­-1 шағынауданындағы саябақта ағаштардың түптері түптеліп, әктелді. Осындай жұмыс Онды, Шебір, Отпан, Шайыр, Өтес, Жармыш ауылдарында іске асты. Ауылдардағы түрлі кәсіптік нысан­дар, мекеме шарбақтары, орындықтар боялды, ауыл іші түрлі қоқыстардан тазарып, техника көмегімен арнайы орынға төгілді.

Маңғыстау ауданы бойынша кезектен тыс сенбілікке 1596 адам қатысып, әртүрлі 14 техника күшімен 61,8 га алаңнан 72,8 тонна тұрмыстық қатты қалдық арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар 329 түрлі ағаштар, 95 шаршы метрге гүлзарлар отырғызылды. Әкімшілік тарапынан 218 тұрғын үйге ескерту қағаздары таратылса, жергілікті учаскелік поли­ция көмегімен 4 отбасына ескерту берілді. Тазалық айлығы алдағы уақытта да жалғаса береді. Тазалықта тиянақтылық көрсете білейік, ағайын!

Өз тілшіміз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз