Халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуге ниет білдірген емдеу мекемелері көбейіп келеді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ Маңғыстау филиалының директоры Руслан Бектубаевтың айтуынша, қазіргі таңда 2018 жылы Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында медициналық қызмет көрсетуге құжат тапсырған медицина ұйымдарының өтініштерін қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Қыркүйек айының орта шенінде облысы бойынша 2018 жылы ТМККК аясында медкөмек көрсетуден үміткер ұйымдардың 39 пайызын жеке меншік клиникалар құраған болатын. Содан бергі екі айда бұл көрсеткіштер өзгеріп, 2017 жылдың қараша айына 46,7 пайызға көтерілген. Денсаулық сақтау нысандары мемлекеттік тапсырысты орналастыруға осылайша белсенді қатысып жатыр. Қараша айына Маңғыстау облысы бойынша  56 денсаулық сақтау субьектілері тіркелсе, оның 33-і мемлекеттік, ал 23-і жеке меншік клиникалар. Бұл олардың  41,0 пайызы – жеке меншік клиникалар деген сөз және 2017 жылғы көрсеткіштен бір жарым есе көбейгенін көрсетеді. Сондай-ақ, биыл бұл процеске ірі-ірі жеке меншік компаниялар тұңғыш рет қатысып отырған көрінеді. Бұл да халық арасында беделі бар медицина орталықтарының науқанға деген қызығушылығы артқанын білдіреді.

Денсаулық сақтау субъектілері тарапынан ТМККК аясында қызмет көрсетуге берілген өтініштерге қарай аумақтарға бөліп қарастырсақ, олар Ақтау қаласынан 36, Жаңаөзен қаласынан 10 және барлық аудандардан 2-ден болып отыр. Жеке меншік клиникалар да, мемлекеттік емдеу мекемелері де бюджет қаржысын орналастыруға стационарлар,  емханалар және қызметтің жекелеген түрлерін көрсететін қосымша атқарушылар (зертханалар т.б.) деп бөлінген үш категория бойынша қатысады.

— МСҚ түскен өтініштерді желтоқсан айының ортасына дейін сараптайды. Медицина ұйымдарын бірнеше көрсеткіш бойынша бағалау жоспарланып отыр. Олардың арасында кадрлар құрамы мен материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі, соңғы 3 жылда атқарған қызметіне қатысты негізгі көрсеткіштер, расталған, негізі бар шағымдар т.б. көрсеткіштер бар. Сараптама нәтижесінде қандай медицина ұйымдарының тиісті деңгейде қызмет көрсете алатынын, қайсыларының оған шамасы жетпейтінін анықтауға болады. Іріктеуден өтпеген субъектілерімен МСҚ келісімшарт бекітпейді. Бірақ мемлекеттік клиникаларға да, жеке меншік ауруханалар мен емханаларға да теңдей жағдай жасалады, — дейді Руслан Фаризунұлы.

Қолдағы мәліметке сенсек, биылғы тіркеу науқаны барысында Маңғыстау облысы бойынша 35 мың 300 тұрғын емхана таңдау құқығын пайдаланған. Бұл жұртшылықтың тіркеу науқанына деген қызығушылығы артып, азаматтардың емхана таңдау құқығы жайлы көбірек біле бастағанын аңғартса керек.

— Біз қазір медициналық ұйымдардан келіп түскен мәліметтерді сараптаумен айналысып жатырмыз,-дейді қор директоры.-Жақында жеке меншік және мемлекеттік емханалардың пайыздық ара-қатынасы, олардың қала, аудан деңгейіндегі үлесі жайлы толық мәлімет болады. Бірақ қазірдің өзінде маңғыстаулықтардың едәуір бөлігінің жеке меншік клиникаларға тіркелуге ниет білдіргені анықталып отыр. Тіркеу науқанының, әсіресе, жеке меншік кабинеттер, орталықтар мен клиникалар көптеп орналасқан Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданы сынды үлкен елді мекендер үшін маңызы зор. Биыл Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы, Түпқараған аудандарындағы жеке меншік клиникалар науқан барысында ерекше белсенділік көрсетті. Жалпы, Маңғыстау облысы бойынша 2017 жылдың 16-қарашасына бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 649 мың 488 адам тіркелген. Тәртіп бойынша емханаға тіркелу құқығын пайдаланбаған азаматтар автоматты түрде тұрғылықты жеріндегі денсаулық сақтау нысанына тіркеледі.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз