Маңғыстау облысына ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Т. Құлыбаев Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, өңірлік палата басшылығы, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері бас қосқан Палатаның өңірлік кеңесінің отырысына қатысты.

Жиында Тимур Құлыбаев бизнесті қолдаудағы Ұлттық палата мен Үкіметтің бірлесіп атқарған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ Ұлттық палата мен Маңғыстау облысы әкімдігінің жұмыс нәтижесі талқыланды. Дәл осы өңірде «Атамекен» бірнеше бастаманы қолға алып, жүзеге асырған болатын.

«Кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Бастау» пилоттық жобасы» осы жерден басталды. Осы өңірден «Атамекен» жанынан шағын несиелеу ұйымдарын енгізуді қолға алдық. Бүгінде жақсы нәтижесін көріп отырмыз. Осы ретте шағын несиелеу ұйымдарына қайтарым ағымы коммерциялық банктермен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Қазір шағын несиелеу тәжірибесі барлық өңірлерде де жүргізілуде», – деді Тимур Құлыбаев.

Кеңес отырысында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов 2017 жылы Маңғыстау облысындағы шағын және орта бизнес саны 2,8 мыңға артып, 47 мың бірлікті құрағанын атап өтті. Шағын және орта бизнестегі жұмыспен қамтылғандар саны 4,4 мың адамға артып, 112 249 ға жетті.

Жиын барысында Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев өңірде бизнесті дамытудың негізгі бағыттары мен тетіктері туралы баяндады.  Оның айтуынша, Маңғыстау облысында іске асырылған «Бастау» пилоттық жобасына 750 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған маңғыстаулық қатысып, олардың 150-ден астамы өз бизнесін ашқан.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша былтыр кәсіпкерлердің өтініші бойынша 13 резонансты іс қаралған. Былтыр өңірлік палатаға 306 өтініш түссе, оның 264-і оң шешімін тапқан.

Жиында Т.Құлыбаев Маңғыстау облысының туристік әлеуетінің жоғары екендігіне, кәсіпкерлердің осы мүмкіндікті тиімді пайдалану керектігіне назар аударды.

«Маңғыстау — өте тартымды өңір, орналасқан жері де жақсы. Мысалы, кеше Маңғыстауда үнді компаниясының тоқыма зауытының ашылатыны туралы жаңалықты естідім. Әлемде Қытай мен Индияда шетелді аралауға дайын орта деңгейлі адамдар көптігін ескеріп, енді соларды тартуға жұмыстану керек. Ақтау – Қазақстанның ең көрікті қалаларының бірі. Бұл артықшылықты өңір игілігіне пайдалану керек. Жабайы табиғатқа, әдемі табиғатқа қызығатындар бар, бірақ жаппай туризмді дамыту керек. Жаппай туризмді дамытуда заманауи шешімдер қажет. Егер бұл үдеріске тарихшылар, этнографтар, мәдениеттанушылар, маркетологтар, дизайнерлерді тартса, онда туризмді сапалы әрі тиімді жүргізуге болады», – деді Тимур Асқарұлы.

Баяндамалардан соң кәсіпкерлер көңілдегі сұрақтарын қойды.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз