Бүгін – ғарышкерлер күні. Айтулы күнде ғарышкерлермен жер-жерде кездесу өтуде.  Күні кеше Астанада ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайында ғарышкерлер күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылған. Сол жерде   қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров  өз атында көше берілгеніне қарсы екенін айтты.

Ол журналистің «Астанада сіздің атыңызға берілген көше бар екен» деп бастаған  әңгімесіне «Астанада менің атымда көше жоқ… Қарқаралы жақта үлкен көше бар, бірақ көшенің жағдайын көріп мен ұяламын», — деп жауап берген.

«Фейсбук» желі қолданушылары Қызылорда қаласында да Тоқтар Оңғарбайұлы  атында көше (2011 жылы берілген) бар екендігін айтады. Астанада 40-станцияда да Әубәкіров атына көше берілген.  Бірақ ғарышкер бұл жаңалықтардан хабарсыз болып шыққан.

Тоқтар Әубәкіров мерекелік шарада:

— Бұл күн – біздің еліміз үшін үл­кен мереке. Себебі бірінші зымыран Қазақстаннан шықты. 1957 жылғы 4 қазанда Байқоңыр айлағынан құрлық­аралық баллистикалық зымыран көмегімен орбитаға алғашқы жасанды серік ұшырылды. Ал 1961 жылы алғашқы ғарышкер тағы да біздің Байқоңырдан шықты. Байқоңыр – Қазақстанның жері. Олай болса, бүкіл қазақстандық­тардың осы мерекеге қатысы бар, — деді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Өзен атауы қалай және қашан пайда болған?

Айта кететін қызық жайт, Тоқтар Әубәкіров ғарышта 8 күнін өткізген. 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан  «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Википедия көрсеткен мәліметке сүйенсек,  ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйіскен. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал туған аймағы бойынша ғылыми-зертуған жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралған.

Айгүл ДӘДЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз