«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы өткен жылды қорытындылап, алдағы жылы жасалатын жұмыстарды пысықтады. Баспасөз конференциясына аймақтық филиал директоры Берік Нұрғалиев пен облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева қатысты.

Алғашқы болып сөз алған басқарма басшысы Венера Мұстапаева БАҚ өкілдерін «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында аймақта іске асырылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Бірыңғай бағдарлама аясында кәсіпкерлер үшін банктік несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несие бойынша ішінара кепілдік беру, кәсіпкерлердің жаңашыл жобаларын гранттық қаржыландыру және жетіспейтін инфрақұрылымды тартып беру түріндегі қаржылай қолдау шаралары қарастырылғанын атап өтті. 2015 жылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша аймақтық үйлестіру кеңесімен жалпы құны 5,11 млрд. тенгені құрайтын 72 жаңа жоба мақұлданған. Одан бөлек ісін жаңа бастаған 7 кәсіпкерге 21 млн. тенге көлемінде мемлекеттік гранттар берілген. Сондай-ақ аграрлық өнеркәсіп саласындағы 2 жобаға 17,9 млн. тенге көлемінде инфрақұрылымдық көмек көрсетілген. Басқарма басшысының хабарлауынша қолдау көрсетілген жобалардың 70 пайызы аудандарда жүзеге асырылуда.

-«Даму» Қоры, несиені ішінара кепілдендіру және сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралдары бойынша Бірыңғай бағдарламаның қаржы агенттігі болып табылады. Жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлерге кепілдеме несиенің 50 пайызына дейін беріледі, бұл ретте бір кәсіпкерге берілетін несиенің жоғарғы сомасы 360 млн. тенгеден аспауы қажет. Ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерге берілетін несиенің жоғарғы сомасы 20 млн. тенгеден аспайтын несиелер бойынша 85 пайызға дейін «Даму» Қорының кепілдемесін алуға мүмкіндіктері бар,-дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева.

Филиал директоры Берік Нұрғалиевтың айтуынша 2015 жылы осы бағдарлама бойынша Маңғыстау облысында «Даму» Қоры несиенің жалпы сомасы 1,3 млрд. тенгені құрайтын 44 жобаға қолдау көрсеткен. Оның ішінде 34 кепілдік шартына қол қойылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 161 пайызға өскен. Кепілдік шарты жасалған жобалар бойынша несиенің жалпы сомасы 973,5 млн. тенгені құрап отыр.

-Субсидиялауға пайыздық мөлшерлемесі 16 пайыздан аспайтын несиелер жатады. Облыс орталығынан тыс жерлерде, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп саласында жүзеге асырылатын жобалар бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 10 пайызын мемлекет өтейді, ал қалған 6 пайызын кәсіпкердің өзі төлейді. Бірыңғай бағдарлама аясында бекітілген экономиканың басым секторларындағы жобалар бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызы субсидияланады, ал қалған бөлігін кәсіпкер өзі төлейді. 2015 жылы осы бағдарлама бойынша «Даму» Қорымен жалпы сомасы 5,46 млрд. тенгені құрайтын 54 субсидиялау шартына қол қойылды. Сондай-ақ «Даму» Қоры, екінші деңгейлі банктермен келісіп орналыстырылған қаржылардың операторы болып табылады. Бұл бағдарламма бойынша қаржыландыру «Даму» Қорының өз қаражаты есебінен, сонымен қатар Ұлттық Қордан бөлінген қаржы есебінен, халықаралық қаржы институттарынан тартылған және жергілікті атқарушы органдардың қаржылары арқылы жүзеге асуда,-дейді Берік Нұрғалиев.

2015 жылы Маңғыстау облысында өңдеу өнеркәсібі саласымен айналысып жатқан шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 3,33 млрд. теңгені құрайтын 32 жоба қолдау тапқан. Сонымен қатар, 2015 жылы «Шағын және орта кәсіпкерлік топ-менеджментін оқыту» жобасына 16 кәсіпкер қатысып, «Іскерлік байланыстар» құралының бірінші кезеңі аясында 36 кәсіпкер оқыту курсынан өткен. Оның ішінде екі кәсіпкер Германия кәсіпорындарында тегін машықтанудан өтсе, 2016 жылы тағы үш кәсіпкерге машықтанудан өту күтілуде. «Аға сеньорлар» компоненті аясында 2 кәсіпорын Голандиядан келген сарапшылардың көмегін пайдаланған.

Кәсіпкерлерге Қызмет Көрсету орталығында 2015 жылы облыстағы кәсіпкерлерге 5 158 концультациялық қызмет көрсетілген, 28 бизнес-жоспар жазылған. Бір жыл ішінде мемлекетегі кәсіпкерлерді қолдау шаралары бойынша 56 кездесу мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бизнесті жүргізу бойынша 25 шеберлік сабақтары және тренингтер өткізілген. «Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша 23 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге демеушілік көмек көрсетілген.

Баспасөз конференциясын ұйымдастырушылардың айтуынша, ағымдағы жылы Маңғыстау облысының әкімдігі және «Даму» Қоры арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылған. Меморандум туризм саласын дамытуды қолға алған облыстағы кәсіпкерлердің қолдау бағдарламаларын бірлесіп іске асыруды көздейді. Бағдарламаны іске асыру үшін облыс әкімдігі мен «Даму» Қоры арасында жалпы сомасы 300 млн. теңге құрайтын несиелік келісім шартқа қол қойылса, бұған қоса «Даму» Қоры жалпы сомасы 600 млн. теңге көлемінде меншікті қаражатын бөлуді қарастырған. Осылайша бағдарлама бюджеті 900 млн. теңгені құрап, туризм саласында жобаларын іске асыратын кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие беру үшін қаражат екінші деңгейдегі банктерге орналастырылған.

-Сыйақы мөлшерлемесі түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық пайызы 7,8 максималды несие сомасы 180.0 млн.теңге құрап отыр. Бұл бағдарлама аймақта туристік әлеуетті арттыруға және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бұрын қолдау алмаған салаларды қаржыландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін болады. Бізде қазіргі қиын кезде туризм саласын дамыту жоспары тұр. Сондықтан да осы саланың алға қарай жылжуына мен де үлесімді қосқым келеді деген жандар болса, біз қолдау көрсетуге дайынбыз,-дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева.

Венера МИРЛАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз