Қазіргі таңда мамандарды алаңдатып отырған жұқпалы аурулардың бірі – құтыру ауруы. Былтыр Маңғыстау ауданының 89 тұрғыны құтыру ауруын жұқтырды деген күдікпен тіркелсе, биыл алғашқы екі айдың өзінде 109 адам дәрігер көмегіне жүгініп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, бір жарым есеге артып отыр. Дәрігерге жүгінген тұрғындардың 16-сы иттен, 2-уі мысықтан, 1-уі түлкіден, 41-і жылқыдан, 49-ы түйеден зардап шеккендер. Зертханалық тексерулер нәтижесі түйеден, жылқыдан, сиырдан құтыру ауруының вирусын анықтады. Бұл дегеніңіз — аудан аумағында құтыру ауруының эпизоотясы жүріп жатқандығының белгісі.

Құтыру — аса қауіпті жұқпалы аурулардың ішіндегі арнайы емі жоқ, тек қана вакцинация арқылы алдын алуға болатын аурудың түрі. Құтыру — бұл орталық нерв жүйесінің зақымдалуымен сипатталатын және өліммен аяқталатын жан­уарлар мен адамдардың жұқпалы ауруы. Бүгінде құтыру ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай республика көлемінде де бірқалыпты деу қиын. Се­бебі адамдар арасында бұл жұқпадан өлгендер жыл сайын тіркеліп отыр. Өлім себебі көбінесе адамдардың бұл ауру жөнінде хабарының төмендігінен, аса көңіл бөлмейтіндіктерінен болады. Кей жағдайда дәрігерлер де келген науқастан эпидемиологиялық сараптамаларды дұрыс жинамай, назардан тыс қалдырып жатады. Сондықтан қандай болмасын жануардан (ит, мысық, тышқан, үй және жа­байы жануарлар, т.б) зардап шеккен жағдайда (тістеу, жырып кету, сілекей жағылу т.б) тез арада дәрігерге қаралу керек.

Адамдардың алаңдаушылығын туғызып отырған құтыру ауруының негізгі тара­тушы күші­ — вирус. Адамға вирус негізінен құтырумен ауыратын үй және жабайы жануарлар, табиғи жыртқыштар (сиыр, қой, жылқы, түйе, ит, мысық, түлкі, қасқыр, жабайы не үй тышқандары, т.б) тістеген кезде, жарақатқа сілекейдің жұғуы арқылы немесе тістерімен теріні жарақаттаған жырықтар (царапина) арқылы жұғады. Вирус адам организміне енгеннен кейін 10 күн ішінде аурудың клиникалық көріністерін береді. Кейде аурудың клиникалық белгілері бір ай немесе бір жылға дейін көрінбеуі мүмкін. Сол себепті жануардың тістеуінен зардап шеккен адамдар ешқандай клиникалық белгілер байқалмаса, дәрігерге жүгінбей, ауруды ушықтырып алады. Ауруының ең алғашқы белгілеріне тістеген жерде ауырсыну, күйдіру, солқылдау, жансыздану болады. Науқастың жағдайы нашарлап, басы ауырады, тітіркенгіш, ұйқысының бұзылуы, қорқыныш сезімі (жарықтан, судан, ауадан, қатты дыбыстан), кеудесінің, тамағының қысылуы жатады.

Зардап шегуші кез келген күдікті жануардан қандай да болмасын жарақат алса, ең алдымен жарақатын сабынды сумен жуып, жарақаттың айналасын 70 пайыз спиртпен немесе йодпен өңдеп, жедел түрде дәрігерге көріну қажет. Вакцинация алып жүрген зардап шегушіге емдеу курсы кезінде 6 айға дейін алкогольдік ішімдік пайдаланбау, қатты тоңбау, ыстықтамау, шаршамау туралы ескерту қажет.

Г.СҰЛТАНҒАЛИЕВА,
аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының маманы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз