“Nomad Explorer” экспедициясының мүшелері Маңғыстау өңіріне табан тіреді. Тарихы терең бойлаған түбек тылсым табиғаты, киелі мекендері, бағзы заман хикаясын баян қылар бейіт-мазарлары, қорым-қорғандары, қия құз, жақпар жартастары, алыстан мұнартқан жұмыр тау жоталарымен баулиды. Өңірде «Үстірт құпиясы» атауымен бастау алған саяхат бағыты 8 тәулікке ұласады. Саяхатшылар тарих қолымен қашалған табиғи мүсіндерді тамашалап, киелі орындарды аралап, зиярат-қорымдарда түнейді. Түбекті мекен еткен аң-құс, жәндік, өсімдік түрлерін зерттеп, қажетті мағлұмат жинақтайды.  Маңғыстау өңірінде алғаш ұйымдастырылған саяхат сапарына өңір басшысы сәттілік тіледі.

“Баршаға мәлім еліміздегі ең ірі ерек жоба “Экспо-2017” халықаралық көрмесінің басталуына санаулы күндер қалды. Халықаралық көрмеге 5 млн.-ға жуық халық атсалысады. Маңғыстау өңірі қонақтарды ыстық ықыласпен қарсы алуға әркез әзір. Киелі өңірді «аспан астындағы мұражайға» теңейді. Сонымен қоса Маңғыстау Әзірбайжан, Грузия, Иран секілді Парсы шығанағы елдеріне тікелей жол тартатын жалғыз аймақ. Сіздерге саяхаттан аман-есен әрі көтеріңкі көңіл-күймен кері оралуыңызды тілеймін», — деді облыс әкімі Е.Тоғжанов.

“Nomad explorer” экспедициясының жетекшісі Марғұлан Сейсембаев сөзіне сүйенсек, саяхат өңірдегі ішкі туризмнің дамуына оң ықпал етпек, Былтыр саяхат тобы бір жұма бойы  ұлт ұясы — Ұлытау өңірін тарихи-географиялық тұрғыдан зерттеп, тарихи дерек-мағлұматқа толықтай қанықты. Тоқсан адам  сайын дала төсіне сапар шегіп, бағзы бейіт-кесенеге зиярат етіп, діни орындарды аралап көрген. Ал биыл ол сапар киелі түбек төрінде жалғасын табады,

“Үстірт құпиясы саяхатына 240-қа жуық адам қатысады. Ойлы-қырлы жер бедеріне төзімді, құбылмалы ауа райына оңтайлы көліктер сайланды.  Сақадай сай дайындықпен саяхат барысында 1400 шақырым жолды еңсерсек дейміз.  Ұйымдастыру жұмыстарын толықтай жүзеге асырдық. Саяхат бағыты мен бағдарлама жан-жақты ойластырылды.  Белгілер мен логотиптер басып шығарылды. Барлық әлеуметтік желілерде саяхат туралы толық ақпар орналастырылды. Келесі жылы Шығыс Қазақстан өңіріне сапар шексек дейміз”, — дейді М.Сейсембаев.

Ескере кетер жайт, саяхат ішкі туризм ісін ілгерлетумен қатар, шағын және орта кәсіпке пайда келтіреді. Мәселен, саяхатшылар хостел-қонақүйлерде түнеп, мығым әрі жол таңдамайтын көлітерді жалдайды. Жанар-жағармай құйып, қажетті азық-түліктерін сатып алады. Жетекші мәліметіне сүйенсек, әрбір саяхатшы жеке басына жауапты. Саяхатшы бірнеше күндік түнеме төсек-орын мен  баспана-шатырын қоса алып жүруі керек. Әрі саяхат тобы жүріп өткен жол бойын күл-қоқыс, қалдықтан таза ұстау, мәдениет пен әдеп нормаларын сақтау туралы ескертілген.

Саяхат барысы, қызықты оқиғалар мен танымдық деректер бұқаралық ақпарат құралдарында жария етіледі. Саяхат тобына  “Қазақстан-Ақтау”  жергілікті телеарнасы, “Огни Мангистау” облыстық газеті және “Арша Медиа” ұжымы ақпараттық қолдау танытады.

Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз