Астана қаласының 20 жылдығына орай елордада наурыз айында халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауы өтті. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес Қырғыз және Ресей мемлекеттерінен 2000 астам үміткер жиналды. Жаңаөзен қаласындағы «Өнер» мекемесі жанынан құрылған «Асыл мұра» халықтық фольклорлық ансамблінің кіші тобы «Халықтық аспаптар» номинациясы бойынша бақ сынаса, жыр-терме үйірмесінің оқушылары «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша қатысты. Ұйымдастырушылардың алдын-ала таңдауымен «Асыл мұра» ансамблінің 13 оқушыдан тұратын кіші тобы фестивальдің ашылу салтанатында, гала концертті ашып беру мәртебесіне ие болды.

Байқау барысында ансамбль Ф. Шуберттің «Музыкалық кезең» және халық күйі «Жалқы жігіт» шығармаларын ортаға салса, жыр-терме үйірмесінің тәрбиеленушісі Құрмантай Қуандық Қашаған Күржіманұлының «Тойбастары» мен Нұрым Шыршығұлұлының «Мен қашанғы жүйрігің» термесін, Дариға Назарбаева өз кезегінде халық әндері «Қалқатайдың дауысы-ай», «Әриайдайды» орындады. Халық әндері «Беу айдай» мен «Үкілі қызды» Әсия Жаңбыр, Мақтымқұлының термесі «Күндерім» мен Шымболат Ділдебаевтың «Шындық» термесін Орынбек Жеңісбеков тыңдарманға ұсынды.

Халықтық ансаптар номинациясы бойынша жаңаөзендік «Асыл мұра» ансамблінің кіші тобы қазылар алқасының шешімімен 2-дәрежелі лауреат атағын жеңіп алды. Жыр-терме үйірмесінің оқушылары Қуандық Құрмантай пен Орынбек Жеңісбеков 1-дәрежелі лауреат болып танылса, Дариға Назарбаева мен Әсия Жаңбыр дипломант атағына ие болды.

Ақ көгершін Асыл мұра

«Ақ көгершін» балалар қорының президенті Тамара Ескенова «Асыл мұра» ансамблінің жетекшісі Қаракөз Кемерованы арнайы Құрмет грамотамен, «Ұлттық өнерді дамытуға қосқан шығармашылық үлесі үшін» белгісімен және «Үздік ұстаз» дипломымен марапаттады. Сондай-ақ ән-терме үйірмесінің жетекшісі Дәмегүл Ізбасароваға «Үздік ұстаз» дипломы табысталды.

Көрерменнің ыстық ықыласы мен қазылар алқасының берген биік бағасы жаңаөзендік өрендердің өнерге деген құлшынысын арттырғанына біз де бек сенімдіміз. Жеңімпаз өнерпаздарды ата-аналармен бірге Жаңаөзен қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Ұлбазар Орынбаева, «Өнер» мекемесінің директоры Дәмелі Өтебаева қошеметтеп күтіп алды.

Қ. ҚОЖАНАЗАР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз