Әр елдің іргесі қаланып, өз алдына мемлекет атанғаннан ол мемлекеттің қарулы күштері, ел қорғайтын сарбаздары болатыны сөзсіз. Ал, сол сарбаздарды Отан алдындағы борышын өтеуге дайындау, әскерге аттандыру жолында жергілікті әскери басқару органдарының еңбегі ұшан-теңіз.

1918 жылы 8 сәуірде Кеңес Одағында Халықтық Ко­миссариат құру туралы декрет қабылданған болатын. Содан бері бір ғасырда осы аталған мемлекеттік мекеме­де қыруар іс­-шаралар атқарылып, аға буыннан жалғасын тапқан жақсы дәстүрлерді жаңғыртып келе жатқандарын тек қана жетістіктерге жатқызуға болады. Бүгінде іргелі де­партаментке айналып отырған жергілікті әскери басқару органы өзінің алғашқы бастауын Орал губерниялық басқармасынан алады. Алғашында губерниялық басқарма, кейінірек әскери комиссариат аталып келген құрылымдар кейін қорғаныс істері жөніндегі департа­мент басқармасы мен бөлімдері болып қайта өзгертілді. 1992 жылы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Сол жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Талай саяси өзгерістерді басынан өткерген қорғаныс істері жөніндегі департаменттің атқаратын функциясы өзгерген жоқ. Іске жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғанысты ұйымдастыру, әскери есепті және запастағы әскери мін­деттілерді брондау, әскерге шақырылушыларды есепке алу, азаматтарды тіркеу учаскелеріне есепке алу, келісім­ шарт бойынша әскери қызметшілерді әскерлерге іріктеу және жинақтау, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру, жоғары әскери оқу орындарына үміткерлерді ірік­теу, әскери-­техникалық мамандар даярлау жұмыстарымен және Маңғыстау ауданындағы Ұлы Отан соғысы, Қарулы Күштер ардагерлерін, интернационал­жауынгерлерді есепке алу­мен айналысады. Атап айтқанда, әр азаматтың болашақта әскери өмірге қадам басуы осы жергілікті әскери басқару органдарының табалдырығынан басталады.

Маңғыстау ауданы бойынша аудан орталығы 1941 жылы Ұлы Отан соғысы жылдарына дейін Форт­-Шевчен­ко, бұрынғы Гурьев облысы болды. Бертін келе Таушық поселкесіна көшірілген. 1964 жылы аудан орталығы Шетпе селосына ауысып, сол жылдары әскери комиссар, майор Сариев Есқожа деген азамат 1972 жылға дейін болды.

Бүгінде аталған бөлімде 1975 жылдан бастап Қызылғұлова Қанзияш, 1979 жылдан бастап Жұбаниязова Жансұлу, 1998 жылдан Қуанбаев Бердіхан сынды өз ісінің білгірлері күні бүгінге дейін қызмет атқарып келе жатыр. Олар азаматтарымыздың Отан алдындағы борышын өтеуіне жұмыстанады. Бір қарағанда кез келген азамат әскерге аттанып, белгілі бір жылдан кейін елге оралуы оңай шаруа болып көрінгенімен, оның астарында үлкен күш, жауапты жұмыс жатқанын біріміз білсек, біріміз біл­мейміз.

Мысалы, аудандық әскерге шақыру комиссиясы мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтардың денсаулығына, біліміне, физикалық және әскери дайындығына, іскерлік қабілетіне, моральдық­ психологиялық жағдайына, отбасы жағдайына ерекше мән беріп, тиісті әскер түрлері мен әскери құрылымдарын жасақтау мақсатында командаларға тағайындалады. Дәрігерлік куәландыру нәтижесі қатаң түрде өткізіліп, денсаулығы белгіленген талаптарға сай болуы тиіс.

Маңғыстау аудандық әскерге шақыру комиссиясынан жа­рамды деп танылғандар облыстық әскерге, жиын бөлімшесіндегі әскерге шақыру комиссиясында қайта толық тексеріледі. Сонымен қатар әскерге баратындармен психологиялық тестілеу жүргізіледі. Облыстық әскерге шақыру комиссиясының шешімі бойынша жа­рамды деп танылғандар әскери бөлім өкілдерінің іріктеу қорытындысынан кейін Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті жөнелтілетін әскерге бара­тындарды шығарып салуға ата­аналарына, туыстарына, әскери қызмет және бөлім туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, салтанатты түрде әскер қатарына жөнелтеді. Біздің ауданымыздан осы көктемде әскерге аттанған 6 азамат бар, атап айтсақ, Жармыш ауылынан Ақжігітұлы Ғарышбек, Өтестен Самат Нұрбердиев, Өтеміс Біләлов, Шетпеден Нұрлан Нухиев, Тұщықұдық ауылынан Тимур Тілеутәңір және Айбол Бекболатов Отан алдындағы бо­рышын өтеуде.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақстандықтар енді 20 минутта мекенжайға онлайн тіркеле алады

Міне, осындай жауапкершілігі мол жұмысты атқарып отырған ұжымның табанды қызмет еткеніне ­100 жыл!

Ұлтарақтай жерін жау қолына бермеу үшін шайқасқан, қасық қаны қалғанша күрескен ата-­бабамыздың ерлігін дәріптеп, еліміздің іргесі бүтін, аспаны ашық болу жолын­ да сен де күресуге тиіссің, жас ұлан. Уақыты келген әскер қатарына аттанып, Отаны, елі үшін аянбай, шекарасын күзеткен ердің халықтан алатыны алғыс болмақ. Ал ауру­мын деген жалған сылтаурату жолымен немесе жалған әскери құжат жасау, басқа да түрлі сылтаулармен әскерге барудан қашу заң алдындағы жауапкершіліктен бұрын азаматтығымызға сын деп білемін.

Н.ТАҢБАЕВ,
Маңғыстау аудандық қорғаныс істері жөніндегі

бөлімнің бастығы, капитан

Сурет сайттың архивінен

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз